Басты құндылық — ынтымақтастық рухымызды бірлесіп дамыту

58

Түркістан облысының тұрғындарының назарына қоғамдағы ынтымақтастық рухын қалыптастыру жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері қоғамда ынтымақтастық рухын  қалыптастыруға айрықша мән беріледі. 130-дан астам ұлт пен ұлыс өмір сүретін мемлекетіміз ынтымақ пен достық, береке мен бірлік, өзара құрмет пен сыйластықты арттыру бағытынан жаңылған емес. Елімізді  өзге мемлекеттерден ерекшелеп тұратын қасиеті — ұлттар арасындағы татулық пен достық. Елдегі әрбір мәдени орталық өз дәстүрін, салты мен тілін дамыта отырып, кейінгі ұрпаққа мол үлгі-өнеге көрсетуде. Ал осы үлгідегі басты құндылық — біздің ынтымақтастық рухымызды бірлесіп дамыту.  Қазақстан Халқы ассамблеясы «Аналар кеңесінің» негізгі мақсаты — қоғамдық келісімді нығайту, ұлттар арасындағы өзара татулықты сақтау. Сонымен қатар отбасындағы ең маңызды құндылықтарды насихаттау.

Бүгінде  республикамыздағы барлық кеңес мүшелері отандық патриотизмді, тұрақтылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, әр ұлттың дәстүрлері мен отбасылық құндылықтарды сақтауға айрықша үлесін қосып келеді. Әрине, «Аналар кеңесінің» қоғамдағы рухани ынтымақтастықты қалыптастыруда маңызы зор. Өйткені біз отбасы құндылығы, жас ұрпақтың тәрбиесі, сапалы да саналы болашақты қалыптастыру сынды маңызды бағыттарды дамытамыз. Біз үшін еліміздегі әрбір азаматтың жақсы адам болып қалыптасуы маңызды. Біз жастарға еңбек етудің мәнін түсіндіргіміз келеді. Сонымен қатар біз секілді көп ұлтты мемлекетке рухани ынтымақтастықты нығайту, татулық пен достықты насихаттау басты міндет екені сөзсіз.