Ұлтқа тән ортақ белгі – ұлттық мінез
Қоғамда ынтымақтастық рухын қалыптастыру және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ынтымақ бар жерде береке бар. Кез келген мемлекеттің дамуының шыңында ынтымақтастық рух пен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарау тұр. Бұл жерде үлкен тағылымды тәрбие мен ұлттық болмыс көрініс бермек.
Ұлттар арасындағы достық пен татулық – ел бірлігінің кепілі. Мысалы 1 мамыр мерекесі халықтар достығы мен ынтымақтастық рухына толы. Халықтар достығы қазіргі қоғам дамуының қозғаушы күшіне айналды. Бізге қашанда төзімділікке негізделген адамгершілік қасиет қажет. Толеранттылық, ынтымақтастық дегеніміз – бұл басқаларға деген қарапайым төзімділік қана емес, сонымен қатар олардың жеке басы мен бостандығына деген құрмет, бұл басқа этнос, дін өкілдеріне, барлық санаттағы және кез келген жастағы адамдарға деген құрмет. Оларды бақыт, әділдік, бейбітшілік, татулық үшін күресу тілегі біріктіреді. Мемлекет – ұлттың өзі қалыптастырып, иелік етіп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіліп отыратын ортақ үйі. Қазақтың мемлекет құрудағы мәдениетінің негізінде ұлттық бірегейлік жатыр. Ұлттық бірегейлік ұлттың болмысынан шығады. Ұлттық болмыстың ұлтқа тән ортақ белгісі – ұлттық мінез. Ата-бабаларымыздың мемлекет құрудағы және оны қорғауға ұрпақты жұмылдыру ісінде жинақталып отырған тәжірибелердің маңызын осыдан-ақ білуге болады. Абай данамыз айтып кеткендей, ұлттық мінезін жоғалтқан ұрпақ елін өркениет биігіне шығара алмайды. Себебі адам баласының рухани мүмкіндігінің өрісі білім, ғылым, өнер арқылы кеңейген дәуірде өркениет ұғымының өлшемі де өзгеріп отырмақ.
Әлемдік қоғамдастық шеңберінде мемлекетіміз «ұлтаралық келісім мен бейбітшіліктің қазақстандық моделімен» ерекшеленеді. Ұлт саясатындағы қазақстандық модельдің іргетасы бірнеше факторға табан тірейді және ол отандық дара құндылық болып қалыптасты.
Мемлекетіміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Отанымызда тұрып жатқан басқа этностар өкілдеріне деген толеранттылық қатынасты қалыптастыру саясатын мақсатты әрі жүйелі түрде жүргізіп келеді. Қазақстанда ұлтаралық диалог пен татулықты сақтаудың жаңа идеологиялық моделі құрастырылды. Біз бұл идеяны бүкіл елге және барша әлемге насихаттап, оған өз жұртымызды да, әлемдік қоғамдастықты да сендіре білдік. Конституцияда ұлтаралық келісімге нұқсан келтіретін кез келген іс-әрекет «Конституциядан тыс» деп танылған. Заңдық және күштік құрылымдар сепаратистердің, террористердің және ұлтшылдардың бас көтерулерінің жолын қатаң кесіп отырды.