Қоғамда кез-келген азаматтың құқығы тең

53

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттіліктері бар адамдарға құрметпен қарауды, қамқорлық танытуды әлеуметтік саладағы негізгі міндет екенін айтып келеді. Мүгедектер қоғамы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жұмыстарын жалғастырып, олардың қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіну үшін бар жағдайларын жасауға ықпал етуде.

Осы ретте Түркістан облысының тұрғындарының назарына елімізде мүгедек жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар бекітілгендігін ұсынамыз. Оның мақсаты — ерекше қажеттіліктері бар тұлғалардың өмір сүру сапасын жақсарту мен құқықтарын қамтамасыз ету жолында барлық тартылған тараптардың үйлесімді іс-қимылының стратегиясын, құрамы мен жүйелілігін қамтамасыз ету. Ұлттық жоспар 64 іс-шараны қамтитын 7 басымдықты бағытты қарастырады. Атап айтсақ, Мүгедектік профилактикасы және оның алдын алу, білім берудің қолжетімділігі, кешенді қолжетімділік және кедергісіз орта, экономикалық дербестік және сапалы жұмыспен қамту, әлеуметтік оңалту және абилитация тиімділігін арттыру, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту және  қоғамдық сананы жаңғырту.

БАҚ беттеріндегі ашық мәліметтерге сәйкес, бүгінде елімізде 705 мыңнан астам мүгедек азамат бар. Олардың ішінде 430 мың адам еңбекке қабілетті жаста болса, 181 мыңы – зейнеткерлік жаста екен. Сондай-ақ оның ішінде 94 мыңы мүгедек балалар екені анықталған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялаған деректер бойынша, былтырғы жылы мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік төлемдері, оларды оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерді қамтамасыз ету мақсатында ел бюджетінен 448 млрд теңге бөлінген көрінеді. Айта кетерлігі бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12%-ға артық көрсеткіш болып табылады.