ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАР АЛАЯҚТАРДАН САҚТАНУҒА ШАҚЫРДЫ

100

Сауран ауданындағы А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебінің мәжіліс залында «Экономикалық қауіпсіздік: өркендеу мен тұрақтылық кепілі» атты тақырыпта акция өткізілді. Жиынды Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев ашып, жүргізіп отырды. Акцияға Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасы басшысының орынбасары Олжас Мүсілім арнайы келіп қатысты.

Аудан әкімі жиын барысында «Экономикалық қауіпсіздік: өркендеу мен тұрақтылық кепілі» атты акция аясында аудан көлемінде жұмысшы топ құрылғанын, олар тарапынан экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауатты құқықтық кеңес беру, қарапайым халықтың қаржылық қауіпсіздігін арттыру, қаржылық пирамидалардың алдын алу, халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға және жастарға арналған жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Акцияда Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасы басшысының орынбасары Олжас Нұрқабылұлы күн тәртібінде мәселе бойынша кеңінен түсіндіріп өтті. Олжас Нұрқабылұлының мәлімдеуінше пирамида ұйымдастырушыларын жауапкершілікке тартуға болатынын, ондай ұйымдарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын, ал ақшалай қаражат тарту және пирамидаларды жарнамалау үшін қатысушыларға әкімшілік жаза қолданылатынын, мұндай істер алаяқтық болып табылатынын мәлім етті. Сонымен қатар, акцияда «Түркістан несие» микро кередиттік ұйымының басшысы Рахман Мавлянов мекемесінің негізгі көзі ауылшаруашылық саласына берілетін несие туралы хабарлап өтті.

Жиын барысында көпшілік тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, оған Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасы басшысының орынбасары Олжас Мүсілім жан-жақты жауап берді.

Акцияны қорытындылаған аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы жалпы халықтың қаржылық сауатын арттыру бағытында түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу керектігін айта келе, арнайы келіп аудан тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізгені үшін Олжас Нұрқабылұлына алғысын білдірді.