САУРАН АУДАНЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ

180

Түркістанда облыстың 5 жылдығына орай ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында өткен апта соңында Сауран ауданының мәдениет күндері өтті. «Visit Turkistan» орталығы алаңында мәдениет үйі қызметкерлері сахналаған «Бір кем дүние» көрінісімен басталған мерекелік думан белгілі айтыскер, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаровтың арнауымен жалғасты. Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев арнайы қатысып, жаңа құрылған ауданның тарихтағы орны мен қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті. Сонымен қатар, аудан тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтады.

Аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концертте Нұржан Төлендиев, Бақытжан Мұстафаев, Нұржан Қалжан, Данияр Барыс сынды елімізге танымал жұлдыздар өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар көркемсөз оқылып, эстрадалық әндер шырқалды. Айта кетейік, Сауран ауданының Түркістандағы мәдениет күндері үш күнге жалғасты.

Үш күн бойы облыс жұртшылығын мәдениет пен өнерге сусындатқан сыры терең өнерлі өлкенің қолөнер және қылқалам шеберлерінің көрмесі Этноауыл аумағында өтті. «Қолөнер – сырлы өнер» атты қолөнер шеберлерінің көрмесімен қатар мұнда ауданның жетістіктері туралы арнайы көрме жасақталған. Мұнда әшекеймен қатар, ағаштан жасалған бұйымдар, құрақ, тағы басқа тартымды дүниелер орналастырылған. Фестивальге ауданға қарасты 12 ауылдық округтен қолынан өнер тамған қолөнершілер мен қылқалам шеберлері құрақтың бірнеше түрінен көздің жауын алатын бұйымдар қойғаны да ерекше тартымды. Көрме барысында габилень тоқылды. Диірменде бидай тартылып, күбіде май шайқалды. Саз балшықтан түрлі мүсіндер жасалды. Темірден түйін түйілді, ағаштан сәнді бұйымдар құрастырылды. Мұның барлығын қолөнершілер аспан астында көрмені тамашалауға келген жұртшылықтың алдында жасады. Сондай-ақ, қылқалам шеберлерінің 50-ге жуық суреттері көрмеге қойылып, басым көпшілігі Сауранның тарихи жерлері мен әсем табиғатын таныстырды. Ал аудандық кітапхана ұжымы кітап көрмесін ұйымдастырып, ауданнан шыққан қаламгерлердің кітаптары мен ауданның тарихынан сыр шертетін жаднамаларды оқырман назарына ұсынды. «Бір ел — бір кітап» республикалық акциясы аясында «Жыл кітабы» болып жазушы Төлен Әбдіктің шығармалары насихатталды.

Ал 4 маусым күні дәл осы этноауыл аумағында салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністері және ұлттық спорт ойындарынан сайыс өтті. Мұнда Сауран ауданының әжелері қолөнер бұйымдарын келген қонақтар мен туристерге көрсетіп, алам деушілерге қолжетімді бағада сатылымға шығарды. Келушілердің қарасы қалың болған бұл көрмелер нағыз қазақ мәдениетінің көркем үлгілері ретінде дәріптеліп, қонақтарға қайталанбас әсер сыйлады. Атап айтсақ, шымылдық, алтыбақан басындағы ұлттық ойындар, молда дәрісі, жетім, жесір, жер дауы, атқа құрық салу, төркіндеу, жарыс қазан, сүйек жаңғырту секілді ғұрыптардан бөлек ұлттық фольклорлық ансамбль өнер көрсетті. Бұдан бөлек ұлттық спорт ойындарынан, атап айтқанда қол күрес, гір көтеру және ләңгі тебуден сайыстар ұйымдастырылды.

Апта соңында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Сауран ауданының мәдениет күндері қорытындыланып, патриоттық және ұлттық салт-дәстүрге негізделген іс-шараға Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын 4 маусым – Қазақстан Республикасының Рәміздер күнімен құттықтады. Түркістан облысының 5 жылдығына орай облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан іс-шара мерекеге орай «Көне Сауран қалашығынан – Киелі Түркістанға» атты көк байрақты шерумен басталды. Сондай-ақ, фестивальдің соңғы күнінде «Асқақта, асыл арманым» атауымен композитор, сазгер Шерхан Әлібековтің жеке шығармашылық ән кеші, «Дәстүрімді сағынам сол баяғы» атты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлаухан Жолановтың жеке шығармашылық кеші өтті. Қала тұрғындарын тағылымды да мазмұнды іс-шаралармен қуантқан сан ғасырлық Сауран ауданын жиналған жұртшылық жоғары бағалады.

Айта кетейік, аталмыш фестиваль шілде айының соңына дейін әр апта сайын өтеді. Келесі көшті 9-11 маусым аралығында Сарыағаш ауданының өнерпаздары жалғастыратын болады.