ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА ЖАҢА НЫСАНДАР АШЫЛДЫ

163

 

Созақ ауданында «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылды. Онда күніне 30 мүмкіндігі шектеулі азамат пен ардагерлерге қызмет көрсетіледі. Ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жанына қажеттінің бәрі бар. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Созақ ауданына жұмыс сапарында орталық жұмысымен танысып, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жүздесті.

— Аға буын қарияларға құрмет көрсету — ұрпаққа парыз. Біздің қазыналы қарттарымыз денсаулығын түзеп, бақытты өмір сүруі тиіс. Пайдалануға берілген жаңа нысан көпшілік сұранысын қанағаттандырады деп сенемін, — деді облыс әкімі.

Орталық мүгедектерге және олардың отбасыларына психологиялық көмек көрсету, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, тұрмыстық және әлеуметтін дағдыларға оқыту мен техникалық құралдарды пайдалануды үйретеді. Сондай-ақ спорттық дене шынықтыру, массаж, көңіл сергіту шаралары, зиятркерлік ойын түрлері мен рухани- танымдық шаралар өткізуге жағдай жасалған. Мұнда демалушылар салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығын түзейді.

Сонымен бірге, облыс әкімі аудандық қорғаныс істер бөлімінің жаңадан салынған ғимаратында болды. Биыл алғаш рет елімізде 12 қыркүйек «Жергілікті әскери басқару органдары күні» ретінде атап өткелі отыр.

Іссапар барысында Дархан Сатыбалды бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, жылыту маусымына дайындығын саралады. Жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.