«Біздің мүмкіндігіміз шексіз»

86

Барша азаматтарға тең мүмкіндік берілетін инклюзивті қоғам қалыптастыру – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларының маңызды басымдықтарының бірі. Әр қазақстандыққа өз әлеуетін жүзеге асыруға тең жағдай жасау – Әділетті Қазақстан құндылықтарының негізгі өзегі, басты тірегі. Сапалы білім мен медициналық көмекке, жұмыспен қамту мен әлеуметтік бейімделуге тең әрі әділ қолжетімділік – кедергісіз қоғам құрудағы негізгі өзекті мәселелердің бірі. Бұл ретте Түркістан облысының тұрғындарының назарына әлеуметтік оңалтуды дамыту да үлкен маңызға ие екендігі жөнінде мәліметтерді ұсынамыз.

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі және мүгедектігі бар азаматтарға мемлекет тарапынан жіті назар аударылып, ізгі істер ілкімді жүзеге асырылып келеді. Жыл өткен сайын мемлекет қазынасынан төленетін жәрдемақы мен түрлі әлеуметтік төлемдердің көлемі өсіп, оларға қолайлы жағдайлар жасалуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми ақпаратына сүйенер болсақ, Қазақстанда 725 мың мүгедектігі бар адам тіркелген. Бүгінде 420,3 мың адам еңбекке қабілетті жаста болса, 195,2 мың адам зейнеткер. Ал, 109 мыңға жуығы – кәмелет жасына толмаған балалар.

Қазіргі күнде елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және әлеуметтік мәселесін оңтайлы түрде шешу һәм тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылуда. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен міндеттері жаңадан қабылданған Әлеуметтік кодексте егжей-тегжейлі баяндалған. Былтырғы шілде айында қабылданған құжат аясында әлеуметтік салаға бірқатар өзгерістер енді. Атап айтқанда, отбасын атаулы және әлеуметтік қолдауға елеулі назар аударылып, жалпы халықтың өмірін жеңілдетуге тиіс басқа да көптеген өзгерістер қарастырылған. Мәселен, ана мен баланы әлеуметтік қорғауды күшейту үшін қосымша атаулы шаралар қарастырылып, мүгедектігі бар азаматтарға берілетін жәрдемақы көлемі ұлғайтылмақ. Сондай-ақ, арнайы әлеуметтік қызметтерді қолжетімді ету үшін ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жіті назар аударылмақ.

Әлеуметтік кодекстің ішінде адамның дүниеге келгеннен бастап, өмірден өткенге дейінгі әлеуметтік жәрдемақылардың бәрі қамтылған. Нақтырақ айтқанда, жүктілікке байланысты берілетін жәрдемақыдан адамды жерлеуге берілетін жәрдемақы кезеңнің барлығы қарастырылған.