Елімізде 12 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар азамат «екі қолға бір күрек тауып», жұмысқа орналасты
Түркістан облысының тұрғындарының назарына Ел Президенті қоғамдық-саяси өмірге белсенді тарту мақсатында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жан-жақты мүмкіндіктер қарастыруды тапсырғандығы бойынша мәліметтерді ұсынамыз. Мемлекет басшысының бастамасын іске асыру үшін «AMANAT» партиясы «Кедергісіз келешек» арнайы жобасын даярлады. Жобаның арнайы тұжырымдамасы бекітіліп, іске асырылуы тиіс іс-шаралар мен оны ұтымды ұйымдастыру механизмдері әзірленді. Бастаманың басты мақсаты – Қазақстан бойынша 771 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар азаматтардың еліміздің әлеуметтік, экономикалық, саяси өміріне белсенді араласуын қамтамасыз ету, оларға жан-жақты қолдау көрсету. Сонымен қатар, жоба аясында 22 мыңнан астам нысанға бейімдеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл іс-шара 2021-2025 жылдары аралығында іске асырылмақ. Жыл сайын орташа есеппен 4 400 ғимаратты бейімдеу жоспарланған.
Жоба шеңберінде былтырғы жылы 927 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Оның нәтижесінде 12 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар азамат «екі қолға бір күрек тауып», жұмысқа орналасты. Салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында жыл сайын еліміздің облыстары мен өңірлерінде 350-ге жуық ерекше қажеттілігі бар спортшылардың қатысуымен инклюзивті спорт фестивалін өткізу дәстүрге айналды.
Жаңа Әлеуметтік кодекске сәйкес, мүгедектігі бар адамдарға бюджет есебінен ай сайын төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері орташа есеппен 14,5 пайызға көбейді. Бұл мақсатта республикалық қазынадан қосымша 41 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер мөлшері де 7 пайызға артты. Ал, 2024 жылғы қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрі тағы 7 пайызға өсті. Мысалы, бірінші топтағы мүгедектігі бар адам бұған дейін 89 248 теңге жәрдемақы алып келсе, биылдан бастап оның мөлшері 95 496 теңгеге өсті. Екінші топ үшін жәрдемақы сомасы 76 397 теңгені құраса, 52 089 теңгені үшінші топтағылар алады.