ТҮРКІСТАНДА АРДАГЕРЛЕР САЙЫСЫ ӨТТІ

239

Өткенде арнайы хабарлағанымыздай, 23.11.2022 күні Түркістанда Республикалық Ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толуына орай, облыстық Ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен облыстың барлық аудан, қалалары арасында ардагерлер байқауы болып өтті.

«Жыр жауһарлары» деп аталған бұл сайыс екі кезеңнен тұрды:

  1. Хор ұжымдарының байқауы.

2 Жыр мүшәйрасы

Екі сайыс бір мезгілде, екі жерде өтті:

Хор сайысы — Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының акт-концерт залында.

Жыр сайысы — «Ұлы Дала Елі» орталығында. Екі жаққа да әділ қазылар тағайындалды.

Жиынды Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов мырза ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сайысқа әр аудан, қаладан ардагерлер ұжымдары уақтылы келгендіктен, байқау басталып кетті.

Осынау сайысқа әрбір аудан, қала ардагерлер ұйымы мен әжелер алқасы үлкен дайындықпен келіпті. Олардың қазақы салт-дәстүрімізге сай, киген ерекше киім үлгілері, киелі сахнаға шығып-түсудегі мәдениеті, жүріс-тұрысындағы жинақылығы, хор орындаудағы ықылас-пейілдері, әдемі орындау мәнері, ән сөзін қатесіз айтуы, дирижерді тыңдауы, көпшілік назарын өзіне аударды. Жыр байқауында да әрбір жыр оқушы, немесе өзі шығарған өлеңін оқыған ардагердің талпынысы, жұртты сүйсіндірді.

Байқау қорытындысы бойынша:

Бас жүлде — Ордабасы ауданына;

1-орын — Жетісай қаласына;

2- орын — Созақ ауданына;

3-орын- Төлеби мен Түркістанға;

Жыр мүшәйрасы бойынша:

Бас жүлде — жетісайлық бас ақын Мұхтар Құраловқа;

1-орын — сарыағаштық Тұрғынбаевқа;

2-орын — арыстық Т.Әбдіковке;

3-орын — қазығұрттық О.Қалауоваларға берілді.

«Жыр жауһарлары» хор-жыр байқауы

«Жаңа Түркістанның» тарихында бұрын-соңды болмаған жаңалық ретінде, халық көңілінен шықты. Кезінде жап-жас болып, қоғам дамуының кез-келген саласында аянбай еңбек еткен, бүгінде зейнетке шыққан осынау ардагерлеріміздің «жаңа Қазақстанымызға» қосар үлесінің әлі де көптігі, ерік-жігерінің молдығы, ұрпақ тәрбиесінде берер тәлімі ерекше мықты жандар екендігін бұл байқау байқатты.Олар кез-келген байқау, сайыс, сынақтарға дайын екендігін көрсетті.

Халқымыздың әулетіне, ағайынына, еліне, жұртына айтары бар, сөз қадірін білетін, дуалыауыз үлкендерінің қадір-қасиетінің молдығы да іс-шара барысында аңғарылды. Үлкендерін төбесіне көтеріп, құрметтей білетін біздің халқымыз не деген керемет халық еді!

Дәл мына алмағайып заманда, азайып бара жатқан ардагерлерімізді ардақтап, олардың өмірден көргені мен көңілге түйгені көп екенін мойындап, аялай, бағалай білуіміз қажет!

Түркістан қаласында ардагерлер әні қалықтап, жыры жайқалған күн болды!

Залда ине шаншар жер болмады.

Әр аудан, қаладан келген ардагерлер алфавит тәртібімен, өз кезегінде, ұйымдасқан түрде, тәртіп сақтап, сахнаға көтеріліп, өнерлерін ортаға салды. Олардың өнерін тыңдаған жұрт бейне бір жәннат бағына енгендей, жан дүниесі рухани серпіліп, тыңайғандай, күш алғандай күй кешті. Керемет болды. Хабарландыруды естіген жергілікті түркістандықтар да ардагерлер өнеріне тәнті болып, қол соғып, қошемет көрсетіп отырды.