Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету маңызды

32

Мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерді әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылады. Бүгінгі таңда Түркістан облысында әлеуметтік қызметтер порталының тізілімінде 245 өнім беруші бар, оның ішінде 21 ымдау тілі маманы, 19 жеке көмекшінің қызметін көрсету, 146 оңалту техникалық құралдары және 59 ұйым санаторий-курорттық емдеу қызметін қамтамасыз етуге арналған.

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек пен қолдауды; әлеуметтік оңалту шеңберінде организмнің жоғалтқан функцияларының орнын толтыруды; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтитын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Мүгедектігі бар адамдар көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдері ескеріле отырып, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емделумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

Былтыр қыркүйекте ҚР Парламенті қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның ерекше маңызы бар. Құжатта мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға арналған жәрдемақыны енгізу қарастырылған. Нәтижесінде бұл жәрдемақы бөгде адамның күтімін қажет ететін қосымша 24 мың адамды қамтиды. Сондай-ақ, заңда 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу қарастырылған. Бұл көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай саралауға мүмкіндік береді. Бұл ретте мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37% — ға дейін ұлғайтылатын болады. Бұл шара мүгедектігі бар 30 мыңнан астам балаға қатысты болады.

Сондай-ақ заңда мүгедектік бойынша және асыраушыдан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді. Жұмыс берушінің міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен ОТҚ-мен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету заңның тағы бір жаңашылдығы болып табылады. Сонымен қатар, құжатта мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді.