ТҮРКІСТАН: ЕҢ ҮЗДІК ҮШ ӨНІМ АНЫҚТАЛДЫ

199

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы өңір аумағында ҚР Үкіметінің «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы» аясында қаржылай емес қолдау шараларының бірі ретінде «Мен – кәсіпкер» құралын жүзеге асыруда. «Мен – кәсіпкер» құралының қызметтерінің бірі «Бір ауыл – бір өнім» жобасы.
Жыл басынан бері жобаға қатысуға ниетті кәсіпкерлерден 60-тан астам өтініш түсті. Солардың ішінен жобаның мақсаты мен талаптарына сәйкес келетін 17 кәсіпкердің өнімі «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік көрме-байқауына қойылды. Негізінен «Бір ауыл – бір өнім» кем дегенде бір бәсекеге қабілетті өнім өндіру жолымен ауылды дамыту тұжырымдамасына негізделген жергілікті шикізаттан өнімді әзірлеу және ілгерілету жөніндегі қызметтерді ұсынуға бағытталған жоба.
«Алдын ала құрылған жұмысшы топ көрмеге қатысушы кәсіпкерлердің өнімдерін саралай келе 10 өнім үздік деп танылған болатын. Бүгін Бренд комитет отырысында әр кәсіпкер өз өнімін таныстырды. Комиссия мүшелері бағалау парағы арқылы тиісті талаптарға сәйкес өз бағаларын берді», — деді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев.
Бренд комитет мүшелері басқосуда бұрын соңды білмеген өнім түрлерін көргенін атап өтті. Сондықтан барлық отандық өнімге лайықты деңгейде қолдау білдірілуі керек. Нәтижесінде ең үздік үштік деген атқа былғарыдан жасалған бұйымдарын ұсынған арыстық Алмакүл Есенкұлова, қатырылған жеміс-жидек пастилаларының пайдасын айтқан төлебилік Феруза Басуова, ұлттық өнімдерді насихаттап жүрген түркістандық Әйгерім Номанова лайықты деп танылды.
Үздік үштік атанған кәсіпкерлерге Асылан Сейілбекұлы сертификат табыстап, сәттілік тіледі. Жоба үздігі ретінде кәсіпкерлерге республикалық деңгейде сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп, палата тарапынан қолдау білдірілмек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі