«ТАЗАЛЫҚ – ИМАННЫҢ ЖАРТЫСЫ»

141

«Театр киім ілгіштен басталады» деген Станиславскийдің сөзі бар. «Отан — отбасыңнан басталады» деген қанатты сөзден туған нобай ғой. Отан — ел, жер, мықты, қуатты мемлекет. Ол тек экономикалық, саяси жағынан ғана емес барлық жағынан мықты болмаққа керек.

Тазалыққа қатты көңіл бөлетін елдер бар. Біреуі — Германия. Көшелері айнадай таза. Аяқжолдар таңертеңгілік, ел ұйқыдан оянар-оянбаста көбік шампуньмен жуылады. Жерде сынық шөп жатпайды. Адамдар мемлекеттік тазалыққа үйренген. Орман, көлдері жайнап тұр. Түз тағыларына дейін мемлекеттік қорғауға алынған. Алмандар өз Отанының шын патриоты.
Күл-қоқысқа көміліп отырған мемлекеттер де бар. Мәселен, Үндістан.
Тұрғындар тұрмыстық қалдық, қоқысын есік алдына тау қылып үйіп қояды. Ганга өзені ышқынып толқығанда көше-көшедегі қоқысты сыпырып-сиырып, ұлы теңізге әкетер екен.
Бізге кім жақын?! Әрине, Германия. Елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Күн дидарлы Шымкент те сол лекте. Күн сайын қыруар жұмыс атқарылып жатыр.
Сталиндік репрессия кезінде қазақ зиялыларына, атап айтқанда Алаш ардақтылары мен кеңестік ұлт қайраткерлеріне «жапон тыңшысы» деген айып тағылып, алды атылып, соңы итжеккенге айдалды.
Кейін «Қазақ қайда, жапон қайда? Бұл не сандырақ» деп ойлаушы едік. Рас екен. Қазақ ұлтшылдары Қазақстанды Жапон сияқты ұлттық сенімі мықты, рухы күшті мемлекет қылмаққа талпыныпты. Келіссөздер жүріпті.
«Таза Қазақстан» реттік шара емес. Тұғыры мықты айтулы мемлекет болудың алғы шарты. Лайым, солай болғай. Бүгінгі топтамада Шымкентте «Киелі мекен» апталығында атқарылған жұмыстарды жүйеледік.

ҚАРАТАУ АУДАНЫ. Сайрамдағы киелі орындардың бірі – Мірәлі баб кесенесі. Тарихи деректерге жүгінсек, Мірәлі баб өз дәуірінің діни ілімге жетік ғұламаларының бірі болған. Ислам дінін кеңінен насихаттау, уағыздау, ел арасында таратуда көп істер атқарған. Әкесі әзіреті Мәлік Сайрамға патша болған екен.

Кесене аумағын тазалауға Қаратау ауданы әкімдігінің мамандары, ақсақалдар, ерікті жастар қатысты. Оған қоса тазалық мекемесінен 50 жұмысшы және 2 техника жұмылдырылды.
Қаратау аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Бекарыс Бахадырдың айтуынша, тұрғындар Сайрамдағы кесенелер аумағын тазалауға әр апта сайын ерікті түрде келіп тұрады.

АБАЙ АУДАНЫ. «Киелі мекен» апталығы аясында Алтынтөбе тұрғын алабындағы мазарат аумағына да тазалық жұмыстары жүргізілді. Кәсіпкерлер мен әлеуметтік мекеме қызметкерлері, тазаық мекемесінің жұмысшылары — барлығы 250-ден астам адам мазарат аумағындағы қураған ағаштарды қырқып, бұтап, шөптерді орып, ағаштардың түбін қопсытып, әктеп, жол жиектерін жуып-тазалады.
Бұл іске 17 техника жұмылдырылып, 20 тонна қоқыс шығарылды.
Тазалық жұмыстарынан қала мешіттері де қалыс қалып жатқан жоқ. Шымкент қаласының Орталық мешітіндегі тазалық жұмыстарына имамдар, медресе шәкірттері мен мешіт жамағаты атсалысты.
— Мемлекет басшысы бастаған «Таза Қазақстан» республикалық акциясын Шымкент қаласындағы мешіттер ұжымы да қолдап, аптасына үш рет тазалық жұмыстарын өткізіп жатыр. Пайғамбарымыздың «Тазалық – иманның жартысы» деген сөзі бар. Сондықтан тазалықты ең бірінші өзімізден, отбасымыздан, тұратын үйімізден, ауламыздан бастауымыз керек. Айналамызда тазалық сақтау діннің жартысын орындағандай болып есептелінеді. Сондықтан барша қала тұрғындарын осы акцияға ат салысуға, жалпы өмірімізде тазалыққа ұмтылуға шақырамын,— деді қаланың бас имамы Бақдәулет Абдрахманов.
Бас имамының айтуынша, қаладағы 92 мешіттің аумағында тазалық жұмыстары жүргізілген.
Абай ауданында орналасқан Бәйдібек би ескерткіші маңында тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, ағаштарды санитарлық қырқу, жасыл желектерді ретке келтіру, шөп ору, сырлау жұмыстары жүргізілді.
Киелі аумақтың тазалық жұмыстарына 300-ден аса аудан тұрғыны, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ мамандары, «Отырар» телеарнасының ұжымы, 70 кәсіпкерлік нысан мен 60 әлеуметтік нысанның қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, 17 техника жұмылдырылып, 25 тонна қоқыс шығарылды.

ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ. «Киелі мекен» акциясы аясында Қабанбай батыр ескерткіші аумағын тазалау, абаттандыру жұмыстарына ауданның ақсақалдары, ерікті жастар және аудан әкімдігі аппараты қызметкерлері белсенді қатысты. Олар орындықтарды сырлап, шөптерді орып, ағаштарды қырқып, бұтап, әктеп, иригациялық жүйелер мен аумақты тазалады.
Тазалық іс-шарасына 5 арнайы техника, 100-ден астам адам жұмылдырылды.
Бұл күні Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Бақтияр
Әлтайұлы бастаған жастар Әл-Фараби ауданы аумағында орналасқан қоғам қайраткері, елші Жолан батырдың ескерткіші аумағын абаттандыру жұмыстарына қатысты.
Жастар батыр ескерткішін жуып, айналасын тазалады.
Республикалық «Таза Қазақстан» акциясына прокурорлар да белсенді қатысты. Олар Дендробақты тазалап, орылған шөптерді жинады.
— Бүгінгі шараға қалалық прокуратурадан 170-ке жуық қызметкер қатысты. Бізден бөлек коммуналдық мекемелер арнайы техникаларымен көптеген жұмыс атқарып жатыр. Тазалық күнінде ерікті жастар, тұрғындармен бірге үлес қосуды мақсат тұттық. Әр аптаның әр түрлі атаулармен аталуында да өзіндік мән бар. Біз акцияның алдағы апталықтарына де белсене қатысамыз, — деді Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма бастығы Бақытжан Байғазиев.

ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ. «Киелі мекен» акциясы аясында Қапал батыр ескерткіші аумағына санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ескерткіш аумағының тазалық жұмыстарына Еңбекші ауданы әкімі аппараты, «Группа Интеко» ЖШС, «Еңбекші» КММ, «Эталон» ЖШС және тұрғындар қатысты. Акцияға қатысушылар орындықтарды сырлап, шөптерді орып, ағаштарды қырқып, ескерткішті жуып, айналасын тазалады.

Қапал батыр ескерткіші аумағын тазалауға 150 адам, 4 техника жұмылдырылды.
— Басты мақсатымыз көпшілікті тазалықты сақтауға, абаттандыру мен көгалдандыруға шақыра отырып, киелі орындарды, батыр бабаларымызды дәріптеу болып табылады, — дейді Еңбекші ауданы әкімі аппаратының халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас инспекторы Пернебек Айтжанов.

ТҰРАН АУДАНЫ. Аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен «Абай» саябағында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді.
Ақын ескерткіші жуылып, айналасындағы шөп орылды, сондай-ақ тротуарлар мен «Даңқ» мемориялы да толықтай жуылып, тазаланды. Аталған жұмысқа 2 техника және 50 адам жұмылдырылды.
— Жастар осы шараға өздері қатысқан соң енді қоқыс тастамауға, айналаны таза ұстауға үйренеді деп ойлаймыз. Өйткені әрбір тазалық күнінде ерікті жастар үлкен үлес қосуда. Тұлғаларға құрмет көрсету осындай тазалық мәдениетінен басталады, – дейді Тұран ауданы әкімдігі қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы
Нұрлыбек Әбілкәрім.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ,
Гүлнұр БАЛАБАСОВА,
Абылайхан ОРАЗАЛИЕВ