ШЫМКЕНТТІ АПТАП ЫСТЫҚТАН ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК ҚҰТҚАРАДЫ

179

Шымкент қаласында алдағы уақытта қоқыс полигоны аумағынан қоқысты қайта өңдейтін зауыт құрылысы басталмақ. Қазіргі таңда шетелдік инвесторлар ұсыныс білдіруде. Бұл туралы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Шымкентте соңғы жылдары құрылыс нысандары көп бой көтеруде. Есесіне жасыл желек аз. Арша, шырша сынды жыл он екі ай түсін бермейтін қылқан жапырақты ағаштар азайған. Осы мәселені қолға алған жауапты мамандар биыл қыруар жұмыс атқарғандарын айтады. Мәселен, мердігер мекемелер 2023 жылы күзгі ағаш отырғызу маусымына орай 51 348 түп жай жапырақты, 9 586 түп қылқан жапырақты ағаш көшеттерін екті. Жай жапырақты ағаш көшеттерінің биіктігі 3,5-4 метр, қылқан жапырақты ағаш көшеттерінің биіктігі
2-2,5 метрді құрайды.
2023 жылы қала аумағындағы жасыл желектер мен көгалдарды суғару мәселесін шешу мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 111 су ұңғымасы қазылыпты. Әр ауданда 20 су ұңғымасы, автоматты суғару жүйелері жүргізіліп, сусорғы құрылғылары орнатылған. Қыста да қала көшелерінде тазарту жұмыстары тоқтатылған жоқ дейді мамандар.
16 сәуірде толассыз жауған жауын-шашыннан қалада бірнеше көшені су басқан болатын. Соның салдарынан ирригация жүйелерінен су өтпей, жерасты жолдары мен аулалар, көлік жолдары, сауда орындары су астында қалды. Осы мәселе бойынша БАҚ өкілдерінің сұрағына басқарма басшысы жауап берді.
– Қала ішінде орналасқан Л3 лотоктарында су сыйымдылығы мүлде болмай, су тасыды. Мәселенің шығу себебіне үңілетін болсақ, мұның тарихы тереңде жатыр. 1990-2000 жылдары ирригация жүйесін салғанда өзінің арнайы жолы болған. Жиналған су каналдар арқылы Қошқарата және Бадам өзендеріне жіберіліп, кейін қала аумағынан шығарылған. Өздеріңізге белгілі, «Шымкент» каналының бойынан көптеген құрылыс нысандары мен көпқабатты үйлер салынды. Кейін каналдың арнасын бұрып жіберді. Ол жердігі нормалардың сай келу-келмеуі сол уақыттарда дұрыс тексерілмеген. Салдарынан жауын көп түскен кезде су таситын болды. Каналдың бойымен келе жатқан судың алдында коммерциялық нысан немесе үй тұрады. Яғни, жиналған су ағатын арна жоқ. Канал құрылысының жалпы санитарлық аймағы мүлдем сақталмаған. Осы бойынша ирригация саласында біраз жыл жұмыс істеген зейнеткерлер мен білікті мамандарды жинап, мәселені көтердік. Алдағы уақытта шешімін табамыз, – деді Әбілқайыр Оңғар.

Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ