ШЫМКЕНТТЕ 6 ЖЕРГЕ АУЫЗСУ БҰРҚАҚТАРЫ ОРНАТЫЛДЫ ЖӘНЕ ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЛА» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

354

Әл-Фараби ауданында жаңа субұрқақтар «Цум» сауда орталығы алдында, Байтұрсынов көшесіндегі саябақта, №8 мектептің алдында, Әл-Фараби алаңы, Чернобыль саябағында, Тыныбаев және Дулати көшелері қиылысында қойылды. Әл-Фараби ауданы аумағында адам көп шоғырланған жерлерде жалпы саны 11 субұрқақ жұмыс істеуде.
Осы орайда, қала тұрғындары мен қонақтарынан жаздың аптап ыстығында кез-келген адам келіп сусындай алуы үшін санитарлық нормаларды сақтап, субұрқақтарды қоқысқа толтырмауды сұранамыз. Өз қаламыздың көркеюіне бірге атсалысайық!

 

ШЫМКЕНТТЕ «ТАЗА ҚАЛА» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Жыл сайын дәстүрге айналған «Таза қала» акциясы биыл да Азаматтық альянс қоғамдық ұйымының бастамасымен жалғасын таппақ.
Қоғамдық ұйымның өкілі Юсуп Арзыхановтың айтуынша, акцияға қатысуға қаланың барлық тұрғындары өтініш білдіре алады. Жас ерекшеліктеріне ешқандай шектеу жоқ.

–Үміткер арнайы өтініш қағазын толтырып, аудандық әкімдікке тапсырады. Қаланың төрт әкімдігінен құралған жұмыс тобы айына екі рет үміткерлердің тазалық жұмыстарына мониторинг жасап, ай сайын аумақты фото, видеоға түсіріп, әр аудан өзінің жеңімпаздарын анықтайды. Ал қорытынды нәтижені комиссия шығарып, кімнің жүлдегер атанғаны қазан айында белгілі болады. Байқау жеңімпаздары «Үздік аула», «Үздік көше», «Үздік үй», «Үздік тұрғын үй алабы», «Үздік аула сыпырушы» деп аталатын 5 номинация бойынша марапатталады, — деді Ю.Арзыханов.

Биылғы акцияның жүлде қоры 4,3 миллион теңге. Акция жеңімпаздарын бағалы сыйлықтар күтіп тұр. Азаматтық альянс төрағасы Жұмағали Білісбеков аталған іс-шараға кәсіпкерлерді бизнес әлеуметтік жауапкершілігі аясында атсалысуға шақырып отыр.
Айта кету керек, «Таза қала» акциясына биыл тура он жыл толады. 2012 жылы Азаматтық альянстың бастамасымен қолға алынған іс-шара қаланың жыл сайынғы дәстүрлі байқауына айналып үлгерді. Бір ерекшелігі мұндай акция республиканың өзге өңірлерінің ешбірінде жоқ.

«Шымкент келбеті» — Әнуар ЖҰМАШБАЕВ,
Фото: Серік ҚОСАЕВ