Мүгедек балалардың ата-аналары көптеген әлеуметтік проблемалармен бетпе-бет келеді

76

Түркістан облысының тұрғындарының назарына мүмкіндіктері шектеулі тұлғалардың мәселелерін шешу және әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде мәліметтерді ұсынамыз. Әр ата-ана бауыр еті-баласының дені сау болып туып, қатарынан кем қалмай өсуін тілейді. Ал балалардың өмірге мүгедек болып келуі кімкімге де ауыр соққы. Осыдан болып шаңырағы шайқалған талай отбасы бар. Мұндайда көбіне әке шіркіндер бойларын ала қашып, аналар тағдыр тауқыметін жалғыз арқалайды. Баласы қандай күйге душар болса да жүрегі езіліп тұратын қайран ана жүрегі-ай дейсің мұндайда. Хафиза Нығметқызы ашқан «Сәби» қоғамдық қорына тіркелген 70-тен астам ананың басым көпшілігі жалғызбасты  әйелдер.  Олардың  балаларына қойылған диагноз да жан дүниеңді езілтеді: Даун синдромы, аутизм, психикалық дамудың тежелуі, церебралды сал ауруы, басқа да неврологиялық сырқаттар. Дерттің ауыр түріне шалдыққан өскіндердің көпшілігі арбаға таңылған, өздігінен қозғалып жүре алмайды, сөйлеу, есту қабілеттері нашар дамыған. Балалардың кішкентай кезінде тағы ештеңе емес. Өскен сайын оларды көтеру, алып жүру жалғызбасты аналарға қияметтің қиыны. Бейкүнә баласының дертпен жалғыз арпалысып, өзімен-өзі өгейлік күйін кешуі – анасының жанын жегідей жейтіні тағы бар. Осындай психологиялық-моральдық соққыға қарамастан байғұс әйелдер үміттерін үзбей, балаларын оңалту қамымен қандай ауыртпалыққа да төтеп беруге бар.«Сәби» мүгедек баллардың аналары» қоғамдық қорының   басты  тілегі балаларын оңалтуға септігін тигізетін орталық құру.

Мүгедек балалардың ата-аналары көптеген әлеуметтік проблемалармен бетпе-бет келеді. Олардың ішінде әсіресе,мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытатын білім мекемелерінің тапшылығы күрделі мәселе болып тұр.Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылардың көпшілігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар.Олардың қоғамдық орындарға, мәдени іс-шараларға баруға мүмкіндіктері аз.Сондықтан мұң-мұқтажы бір ата-аналардың басын қосып, балаларын дамытуға жағдай жасайтын орталық аса қажет.Әрине,Астана қаласында мамандандырылған түзету білім, денсаулық ұйыдары бар.Тіпті тiрекқимыл аппараты функцияларының бұзылуынан болатын церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған еліміз бойынша жалғыз балабақша да елордада ашылған.