ШЫМКЕНТТЕ ЖАСТАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ОНКҮНДІК ӨТІП ЖАТЫР

50

Бүгінде еліміздегі әрбір үшінші тұрғын жастар санатына жатады екен. Қазір Қазақстанда 14-тен 35 жасқа дейінгі азаматтар осы санатқа жататын болған. Осылайша жастар ел халқының 30 пайызға жуық үлесін алып отыр.

Жастар – елдің белсенді буын өкілдері. Қарап тұрсаңыз, жастар өмірдің қозғаушы күші іспетті. Ғасыр бұрын
Мағжанның «Алаш атын аспанға, Шығарар олар бiр таңда» деп зор сенім артқанын ескерсек, өз болашағын ойлаған мемлекет бүгінгі жастардың жағдайын назардан тыс қалдырмаса керек.
12 тамыз — Халықаралық жастар күні. Бұл мерекеде жыл сайын Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен жер-жерде түрлі іс-шаралар қолға алынады. Осылайша әлем халықтарының жастары бұл күнді ерекше атап өтуді жөн көреді. Бұл мерекені атап өтуден Шымқала да құр алақан емес екен.
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағулова «Жастармен бірге!» жастар күні шеңберінде өтетін онкүндік жоспарын баяндап, брифинг өткізді.
3-15 тамыз аралығында өтетін әр күн нақты атаумен бекітілген. Осы ретте мереке аясында түрлі ағартушылық іс-шаралар, көрмелер мен флешмобтар ұйымдастырылады. Жастар қоғамның барлық саласынан көрініп, белсенділіктерін көрсетуге мүмкіндік туады.
– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында экологиялық мәдениетті дамыту, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру мақсатында «Jasyl Marathon’24» экоплоггинг ұйымдастырылып, қаламыздағы Қошқар-Ата мен Бадам өзендерінің бойларында, тарихи-мәдени объектілер мен ескерткіштердің аумақтарына тазалық жұмыстары жүргізілді. Жалпы, қаламыздағы барлық сенбіліктерге, тазалық науқандарына қала жастары белсенді қатысуда. Экологиялық жағдайды жақсартуға және жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартуға бағытталған бүкіл республикалық «Жасыл ел» жастар жасағы құрылып, барлық науқандарға белсенді қатысып жүр. Сонымен қатар, «Денсаулық – зор байлық» күні аясында денсаулыққа жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жастар денсаулық орталықтарында ашық есік күні ұйымдастырылып, офтальмолог, эндокринолог, кардиолог, хирург/травматолог, гинеколог, окулист, невропотолог және стоматолог сынды бірнеше дәрігерлерден тегін кеңес алып, тексеруден өтетін болады. Сонымен қатар «Өзгеге өмір сыйла» деген ұранмен қан тапсыру жоспарланып, 60-қа жуық қаланың ерікті жастары қан тапсыруға өтініш білдірген. Жастар келешегіміздің негізі ретінде білімділігімен, жасампаз еңбегімен, күш-жігерімен өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктерін иеленуі қажет. Алдағы уақытта жастардың ғылым-білімге негізделген жобалары қолдау тауып, игі бастамалары өз жалғасын табатынына сенімдіміз, – дейді Айгерім Абдуохапқызы.
Онкүндік тақырыптары ауқымды екен. Қала жастарының арасында білім құндылықтарын, зияткерлікті дамыту, ғылымды зерделеу мақсатында OTYRAR телеарнасында «ОЙғаБАЙ Show» зияткерлік-ойын-сауық бағдарламасы да осы он күндік аясында өткізілмек.
«Мейірімділік мекені» күні аясында қайырымдылықты қолдау, өзара көмек және әлеуметтік жауапкершілік идеяларын ілгерілету мақсатында Қарттар үйінде 7-тамыз күні концерттік бағдарлама өтеді. Ал, 8-тамыз – «Адал Азамат» күні аясында жастардың коммуникациялық дағдыларын дамыту, инновациялық әлеуетті қолдау мақсатында «Қазақстан жастары» қоғамдық пікірін өлшеу қорытындыларын таныстыру форматындағы сараптамалық пікірталас, жастарға мотивациялық кездесулер өтеді.
Іс-шаралар тізімінде жастардың басты мәселесі жұмыссыздық та тасада қалмапты. 9-тамыз күні «Еңбек бәрін де жеңбек» күні аясында «Enbek Fest’ 24» жастар бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. 10-тамыз «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атауымен ұлттық тарих пен мәдениетті насихаттау, ұлттық сананы нығайту мақсатында әлеуметтік желілерде челлендждер өткізіледі. Сондай-ақ, нашақорлықтың, лудоманияның және вандализмнің таралуының алдын алу мақсатында «Qorgan’24» жастардың ақпараттық рейді өтеді. Он күндік 12-тамыз күні «Жастармен бірге!» open air форматында концерттік кешпен аяқталады.
Қорытындылай келе, аталмыш іс-шаралар тізбегі жастардың әлеуетін толық іске асыру, сондай-ақ жастарға жол көрсету, қоғамдық-мәдени іс-шараларға белсенді атсалысуын насихаттау мақсатында және қала жастарына мерекелік көңіл күй сыйлау мақсатында өткізіледі.

«Шымкент келбеті»