КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫН САҚТАУ МАҢЫЗДЫ

44

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңес төрағасы Мелес Сейтжановтың модераторлығымен өткен жиынға Палата басшылығы, кеңес мүшелері, қалалық прокуратураның, бақылау-құзырлы органдардың жетекшілері, қалалық әкімдіктің салалық басқармаларының өкілдері қатысты.

Кеңес отырысында Палата директорының орынбасары Майя Исаева бизнес өкілдерінің мемлекеттік органдардың әкімшілік актілері мен лауазымды тұлғалардың әрекетіне қатысты шағымдарына тоқталды.
«2024 жылдың 6 айында Кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау бойынша түскен шағымдардың 23 пайызы – сәулет және жер қатынастары саласына, 17 пайызы – мемлекеттік сатып алуға, 16 пайызы көлік және логистика саласына қатысты. Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ұсынған мәліметке сәйкес, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында бизнес өкілдері тарапынан мемлекеттік органдардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) қатысты 288 әкімшілік талап-арыз түскен. Оның ішінде сот 128 талап-арызды қайтарып, 78-не қатысты шешім шығарды. Ал 12 іс бойынша тараптар келісімге келген. Шешім шыққан 78 істің ішінде 46 іс бизнес өкілдерінің пайдасына шешілген. Оған қоса 2023 жылы сот тарапынан 58 жеке ұйғарым шығарылған. Оның ішінде жеке және мемлекеттік сот орындаушыларына қатысты – 18, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары саласының қызметкерлеріне қатысты – 4, мемлекеттік сатып алу басқармасына қатысты 2 жеке ұйғарым. Ал 2024 жылдың 6 айының өзінде 46 жеке ұйғарым, оның ішінде жеке және мемлекеттік сот орындаушыларына қатысты – 16, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары саласының қызметкерлеріне қатысты – 7, мемлекеттік сатып алу басқармасына қатысты 4 жеке ұйғарым берілген. Осы мәліметтерге қарап мемлекетік орган тарапынан шығарылған актілердің жартысынан көбісі заңсыз болғанын, бизнес субъектілерге қатысты талаптар негізсіз екенін көруге болады», – деді Майя Исаева.
Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Тұрсынкүл Үмбетова кәсіпкерлердің сотта қаралатын талап-арыздары туралы пікірін білдірді.
«Бизнес өкілдерінің және мемлекеттік органдар қызметкерлерінің әкімшілік сотта ескеруі қажет мән-жайды қысқаша айтып өтсем. Ең алдымен, талап қою туралы. Әкімшілік-рәсімдік процестік кодекстің 106-бабына сәйкес, егер әкімшілік акт электронды форматта болса, онда талап қоюшының тұрғылықты мекенжайы бойынша беріледі. Бізде қаралатын істерде көп жағдайда жауапкерлер басқа облыстың өкілдері болып жатады. Одан кейін тоқталатын жайт – Майя Ермаханқызы кәсіпкерлер тарапынан сотқа түскен шағымдардың қаралу статистикасы туралы айтып өтті. Бұл тұрғыдан алсақ, сотта қаралған істердің 50 пайыздан астамы бизнес өкілдерінің пайдасына шешілуде. Әрине, біз ешкімге талап қойма деп шектей алмаймыз. Дегенмен, сотқа дейінгі татуласу, келісу комиссияларының да қызметін пайдалануда ұсынар едім», – деді Тұрсынкүл Үмбетова.
Кеңес мүшелері сотта кәсіпкерлердің мүдделері қорғалған тиісті жауапты әкімшілік орган қызметкерінің жауаптылығын көтеруді ұсынды. Олардың айтуынша, осылайша мемлекетке келетін шығынның алдын алуға болады. Осыған орай сот өкілі де, кеңес мүшелері де тараптарды сотқа жүгінгенде барлық процессуалдық және нормативтік талаптар мен мерзімдерді сақтауға шақырды.
Кеңес мүшелері жиын соңында қарар қабылдап, мемлекеттік органдарға ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарын бұзбауды, соттың тиісті шешімі шыққан жағдайда тәртіп бұзған тұлғаларға шара қолдануды, кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп тұруды, «Атамекен» ҰКП 2016 жылғы ІІІ Съезінде қабылданған «Қазақстан кәсіпкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл хартиясын» назарға алуды ұсынды.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Шымкент қалалық
филиаланың баспасөз қызметі