“ТҮРКІСТАНДА БІРЛІКТЕ БАР, ТІРЛІКТЕ БАР..”

449

Түркістан түркі жұртының түпқазығы. Ел бірлігінен асқан бақыт жоғын түркістандықтар жақсы түсінеді. Қазақстандағы татулық пен тұрақтылыққа тұтқа болып жүрген бірегей ұйымға береке дарытып жүрген бірегей аймақ ретінде Түркістан өңірі әрдайым айшықталады. Осы ретте кеше ғана жаңа форматта Қазақстан халқы Ассамблеясының алқалы жиыны өтті. Қазақстан Республикасының Президенті, ҚХА төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында көп мәселе айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы кемелденген келешек құру үшін бәріміз жұмыла бірлік пен тірлік керегін айтты. Қазақстан халқы Ассамблеясы XXIX сессиясының шешімдерін және Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру тұрғысынан Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдардың басты міндеттері талқыланды. Ассамблея бірыңғай азаматтық ұлт құруға, қазақстандықтарды әлеуметтік-мәдени, қоғамдық және білім беру процестеріне кеңінен тартуға бағытталған жаңа тәсілдерді енгізуді жалғастырып жатқандығын айтты. Президент айтқан бірлікте, тірлікте Түркістан облысында оңтайлы жүзеге асып келеді. Оған дәлел ретінде бұл басқосуда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының үйлесімді этносаралық қатынастарды нығайту жөніндегі аймақтағы ілкімді істер мен қызметі туралы айтып берді. Өңір басшысы облыста 50-ге жуық түрлі этнос өкілдері тұратынын, бұл, облыс халқының 25 пайызын құрайтынын айта келе, тұрғындар үшін мәдениет пен дәстүрді дамытуға барлық қажетті жағдайлар мен инфрақұрылым жасалғанын тілге тиек етті.
Президент неге мән берулі тапсырды? Президент өз сөзінде “Қазақстанда этносаралық негізде кемсітушілік пен жанжалдарға жол бермеу, арандатулар мен Қазақстандағы этносаралық бейбітшілік пен келісімді тұрақсыздандыру әрекеттерін болдырмау қажеттігіне назар аударды. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге Аналар кеңесі мен Ассамблеяның жастар қозғалысының қызметіне, интернеттегі заңнамаға қайшы контентпен күрес, кибербуллингке қарсы іс-қимыл жөніндегі азаматтық бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуді және Түркістан облысынан “Достық” үйін салуды ұсынды.
Жалпы, мемлекет басшысының Ассамблеядағы әрбір сөзі елге жігер мен сенім берді. Еліміздегі игілікті істер жарқын болашаққа бастап, келешек ұрпақ кемелденген Қазақстанда жарқын өмір сүре бергей!
Ерсұлтан Әмірбек,
Түркістан облысы ҚХА жанындағы журналистер мен блогерлер клубының төрағасы