КОНТАКТІСІЗ АРБАУ

34

Әр бір жат ағымның мақсаты өз жақтастарының қатарын көбейту. Сол мақсатта әртүрлі қайырымдылық қорлар, ресми емес оқу орындар ашады. Сондай ақ, әлеуметтік желілерде түрлі атаумен жүздеген топтар мен сайттар ашып экстремистік ұйымдар тарапынан қаржыланады. Одан басқа да адамды арбау мақсатында бағытталған әртүрлі жолдар мен әдістер жетерлік.

Бүгінгі күнде арбау және дін жақтастарын тарту процесі интернет жүйесінде кең таралған. Бұл әдісті «контактісіз арбау» деп атайды. Өйткені бүкіл процесс арбаушы мен арбауға түскен адамның арасында тікелей және визуалды байланыс болмау арқылы орындалады. Бұл әдіс – белгілі бір міндеттерді, тапсырмаларды  орындау арқылы жүзеге асады.

Ғаламтор жүйесінде контактісіз арбаудың әдіс тәсілдері:

—         Мамандандырылған сайттар ашу;

—         Әлеуметтік желіде блогерлер сайттарын көбейту;

—         Таргет-жарнамалар үйлестіру;

—         Мессенджерлерді қолдану арқылы іске асады.

Ғаламторда деструктивті діни ағым құрбандары:

—         Жалғызбасты адамдар. Кей адамдардар виртуалды таныстыққа беріліп, отбасы мүшелерімен, әріптестерімен, достарымен аз тілдесіп, белгісіз адамдармен өзара пікір ғана алмасып қоймай, өміріндегі жаңалықтарымен, суреттерімен бөліседі;

—         Жастар. Әлеуметтік желілерде эзотерикалық (жұмбақ немесе рухани ілімдер) және культтік  ағымдарға қызығушылық танытып, кез келген ақпараттарды тексермей қабылдайды;

—         Өмірде жолы болмай, қиын-қыстау кезеңдегі азаматтар. Қоғамдағы түрлі көзқарасты ұстанып, кертартпа топтарды қолдайды.

Ғаламторда деструктивті діни ағым материалдарының мазмұны:

—         Мемлекеттің ұстанған қағидалары мен дәстүрлі құндылықтарына күмән келтіру;

—         Осы әлемнің болмысын теріске шығарып, о дүниені шынайы өмір ретінде көрсететін уағыз-насихаттардың қамтылуы;

—         «Адамның өмірі оған тиесілі емес, оның тағдыры оның қолында емес» деген үндеулерге негізделген аудио, видео, пост материалдардың қамтылуы.

Ғаламтор желісінде деструктивті діни ағым насихатшысының белгілері:

—         Деструктивті мазмұнда уағыз жүргізетін азаматтар мейлінше бет бейнесін көрсетпеуге, аты-жөнін жасыруға тырысады.

—         Жат ағымның уағызшылары бойында агресивті мінез көрсету, өзге дін өкілдеріне қаттылық таныту, өзін және жақтастарын ғана дұрыс жолда санап, басқаларды күпірлікпен айыптайды.

—         Көп жағдайда туған елден «мұсылман» мемлекетіне көшуге шақырады.

—         Қоғамда тек мұсылмандар өмір сүруі керек деген ойға алып келеді.

—         Қажет болған жағдайда қолға қару алып, жергілікті жүйені күшпен өзгертуге шақыратындары да болады.

Қорытындылай келе, жоғарыда аталған белгілері бар дін насихатшыларынан қабырғаңды аулақ ұстаған дұрыс. Себебі дәстүрлі діни уағызшылардың насихаты мүмкіндігінше халықтың салт-дәстүрімен сабақтасып отырады. Халықты ынтымақ пен бірлікке, татулық пен бейбіт өмірге шақыру мазмұны қамтылады.

Ғаламтордағы діни ақпараттардың барлығы 100% пайыз дұрыс деп қабылдауға да болмайды. Өйткені ғаламтор ақиқат көзі емес. Ол бұрмаланған немесе тексерілмеген діни мәлімет болуы әбден мүмкін. Әсіресе шет мемлекет азаматтарының діни және саяси насихаттарын тыңдауда сақ болу керек. Дін саласына қатысты барлық сауалдарды Қазақстан мұсылмандары дін басқармасына қарасты білікті ұатаздардан сұраған абзал. Елімізде мақұлданған дәстүрлі дін уағызшылары жайында толық мәліметтерді muftyat.kz, kazislam.kz сияқты т.б. ресми ресурстардан табуға болады.

 

 

 

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің

бөлім басшысы                                                                                        А.Дүйсен