ДІН ЕРКІНДІГІ ЖӘНЕ РАДИКАЛИЗАЦИЯ

22

Еркіндік – ар-ұят, ақыл-парасат, мейір-махаббат, тәубе, уәдеде тұру, жауапкершілік секілді негізгі рухани қасиеттеріміздің ажырамас бір бөлігі.

Дін дегеніміз – адамның рухани дамуының ажырамас тірегі.

Діннің түпкі мақсаты – адамды кемелдендіру, рухани тәрбиелеу. Жақсылық пен рақым көрсетуді, бір нәрсені ең жақсы түрде істеуді, Аллаға шын жүректен, ықыласпен қызмет етуді білдіреді. Әзіреті Әли: «Адамдар өз жұмысын ихсанмен орындау арқылы құрметті болады» –  деп адамдардың атқарар жұмысында ихсан дәрежесіне жету үшін, ол істі білуі әрі сол ісінің нәтижесінің жақсылыққа айналу керектігін меңзеген.

Саясаттанушы ғалым В.Желтов өзінің «Терроризм, радикалдану, рекруттау, индокринация» мақаласында «радикализация» терминіне келесідей анықтама көрсеткен: «Радикализация – латын тілінде «radix» (іргетас, шығу тегі) сөзінен туындап, радикализация бұл интелектуалды процесс. Яғни адамның ой өрісі, дүниетанымы, ұстанып жатқан ұғымдары мен матив ниеттеріне байланысты деп анықтама берген».

Сонымен қатар радикализация ұғымына, әлеуметтің нормативті шеңберін бұзатын радикалды құралдарды пайдалану арқылы жүзеге асатын процесс те жатады. Тағы бір анықтамасында «радикализацияны» — интеллектуалды әрі ымырасыз және ешқандай мәмілеге арқа сүйемейтін әрекетке бағытталған процесс» деп атаған.

ҚР Заңында: «Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы» делінген («Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабы, 6-тармақша). Олай болса мемлекет азаматтардың қандай да бір діни бағыттағы ұстанымдарына еркіндік беріп отыр.

Алайда, мемлекет діни бірлестіктердің ішкі жұмысына араласпаса да, олардың жалпы қызметі дін аясынан шықпауын жіті қадағалап отырады. Сәйкесінше ел ішіне іріткі салушы радикалды топтардың іс-әрекеттері мен ұстанымдарының жолы дер кезінде қиылады.

Дін ісі мемлекет ісінен бөлек болғанмен, дін мен қоғам бөлек емес. Себебі, қазіргідей рухани бағытын айқындау кезеңінде, радикалды, деструктивті сипаттағы ағымдар мен ұстанымдарға қарсы күрес жүргізіп отырған шақта қоғамдағы діни ахуалды реттеу, діни бірлестіктермен жұмыс, олардың қызметтерін қадағалау – біздің еліміз үшін аса маңызды.

Дін құндылықтарының бастамасы – бейбітшілік пен келісім. Өйткені, бейбіт өмір ғана дін адамына өз парыздарын орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Себебі, тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым. Ол мемлекет аясында ғана орындалады.

Даналарымыздың: «Рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алады» дегеніндей, халқымыз ынтымақта, бір үйдің баласындай тату-тәтті, жарасымды тіршілік етіп келеді. Еліміздегі бірлігі мықты, достығы берік барлық этнос өкілдері қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарап, қазақ халқының қарапайымдылығын, қонақжайлылығы мен бауырмалдылығын ерекше бағалайды. Еліміз олардың тату-тәтті өмір сүріп, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын сақтауы үшін барлық мүмкіндікті беріп отыр.

 

Қ.Салықбаев 

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру

бөлімінің басшысы