ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ҰЛТ БЕЙНЕСІ

18

Өз тарихын терең ұғынып, ұлттық құндылықтарын шын бағалай білетін халықтың ғана болашағы мәңгі болмақ. Бүгінгі алпауыт жаһандану дәуірінде  кез-келген ұлтты сақтап қалатын дүниелер – сол ұлттың төл тарихы, мәдениеті мен тілі екені анық. Бұл жөнінде Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында. «Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт — бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деген болатын.

Ұлттық құндылықтар – бұл белгілі бір ұлттың өзіндік ерекшеліктері мен рухани, мәдени, әлеуметтік, экономикалық және тарихи дамуын бейнелейтін құндылықтар жиынтығы. Олар ұлттың бірегейлігін, тарихи жадын, мәдениетін және дәстүрлерін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге ықпал етеді.

Ұлттық құндылықтар – ұлттың бейнесін қалыптастырады және оларды сақтап, дамыту арқылы ұлт өзінің ерекшелігін, тәуелсіздігін және бірегейлігін сақтайды. Бұл құндылықтар мәдениет, тіл, дін, өнер, әдебиет, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар және ұлттық мейрамдар арқылы көрініс табады. Ұлттық құндылықтар ұлт бейнесінің негізі болып табылады, себебі олар ұлттың мәдениетін, дәстүрлерін, рухани құндылықтарын және тарихын көрсетеді. Бұл құндылықтар халықтың бірегейлігін айқындап, оны басқа ұлттардан ерекшелендіреді.

Сонымен қатар, ұлттық құндылықтар ұлттың рухани және моральдық негізін құрайды. Олар адамдарды біріктіріп, ұлтты біртұтас етіп, ортақ мақсаттарға жетелеуге көмектеседі. Ұлттық құндылықтарды сақтау және оларды болашақ ұрпаққа жеткізу әрбір азаматтың парызы болып табылады.

Ұлттық құндылықтарды сақтау және дамыту әр ұлттың тұрақтылығы мен біртұтастығының кепілі болып табылады. Олар ұлттың келешегі үшін маңызды және ұрпақтан ұрпаққа жеткізілуі тиіс. Біздің ұлтымыздың өзегінде ең алдымен адам тәрбиесі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, өзге ұлтта жоқ құндылықтары бар. Бұл қазақтың қадір-қасиетінің қаншалықты тереңде, қаншалықты биікте, қаншалықты кеңістікте болғанын көрсетеді.

Бүгінгі әлем жылдам өзгеруде. Сол өзгерістер сананың өзгеруіне әсер етеді. Ал, өзгерген әлемге сапалы адам керек. Алайда, сапалы боламыз деп көрінгенге еліктеп ұлтымызды, тарихымызды, тілімізді, салт-дәстүрімізді жоймай, ата-бабамыздың ұлттық құндылықтардан тұратын мұрасы – ұлттың қазынасын ұрпаққа үйретіп, бабалар ізін, аманатын жалғастыруға міндеттіміз.

Ұлы Абай: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – араласып жүрген ортасынын» дейді. Бала бойында отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына ата-ана мен ауыл-аймағының ықпалы зор. Отанды сүю отбасынан басталатыны рас. Сондықтан да бала тәрбиесінің шешуші факторы – отбасы. Баланың ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады.

Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ маңызды іс. Сондықтан да қоғам бұл жұмысқа парасаттылық танытып, байсалдылықпен жұмылуы керек. Ұрпақ тәрбиесінде ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрі мен тағлымдарын, мәдениетін, тарихын, бұрынғы-соңғы ұлы ойшыл педагогтардың еңбектерін оқып, жетік білмей, оны жақсы меңгермей тұрып, келер буынға дұрыс тәрбие сіңіру мүмкін емес. Жас ұрпаққа ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбие үлгісін ұғындырып, оларды мәдениетті, адами қасиеті мол, шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – қазіргі таңдағы өмір талабы және қоғам қажеттілігі.

Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам» деген жұрт болмаса, «жұртым» дейтін бала қайдан шығады» деген. Тәрбие барысында ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз еліміздің әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне бейімделе алады деуге болады.

 

Б.Тұрарбек

Теолог маман