АЙҚЫН БАҒЫТ – БАЙЫПТЫ БАСТАМАЛАР
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы әлеуметтік-экономикалық және саяси күн тәртібінің өзекті мәселелеріне нақты да тұшымды жауап берді. Біз осыған орай еліміздегі жетекші жоғары оқу орны – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдарын әңгімеге тартқан едік.
Жандарбек МӘЛІБЕКҰЛЫ, ЕҰУ профессоры, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы:
-Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын жариялады, онда еліміздің алдағы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының басым мақсаттары айтылды.
Президент өз Жолдауында жаңа салық кодексі, көлік логистикасы, темір жол, атом энергетикасы, жасанды интелект, цифрландыру, табиғат, туризм, су ресурстары, кадр, білім беру, мемлекеттік тапсырыс, бұқаралық спорт, әлеуметтік жағдай, экономикалық ахуал, мемлекеттік басқару сынды мәселелерді өте орынды көтерді. Солардың ішінде Мемлекет басшысы Қазақстанда атом энергетикасының керектігіне бөлек тоқталды. Бұл бүгінгі таңда қойылып отырған өзекті мәселелердің бірі.
Сонымен қатар Президент айтқан еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру мен Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алу, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртып, экологиялық ахуалды жақсарту керек деген сөз жанға жағады. Оған заң мен тәртіп туралы тапсырмаларын қосыңыз.
Қысқасы, Мемлекет басшысы халықты толғандырып отырған ең маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше мән беріп отыр. Соның ішінде «Жайлы мектеп» жобасына жеке тоқталды. Жолдауда айтылған барлық мәселелер елімізді жаңа белестерді бағындыруға жетелейді деп сенемін.
Өміржан ҚОҚАЕВ, ЕҰУ көлік және энергетика факультетінің деканы:
— Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Көлік-энергетика факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын ықыласпен тыңдады. Президентіміз қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық саладағы өзекті сұрақтардың шешу жолдарын айқындап берді. Жолдауда азаматтарымыздың тұрмыс-ахуалын арттыруға, әр сала еңбеккерлерінің жалақысын заман талабына сай көтеруге бағытталған әлеуметтік шаралар легі де тастүйін белгіленген. Президент: «Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру» деп атап өтті Жолдауда.
Сонымен қатар әріптестеріміз Мемлекет басшысының білім және ғылым саласын қолдауға қатысты берген тапсырмаларын қуана қабылдады. Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру өте маңызды екеніне тоқталды. Атап айтқанда, экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету, ең алдымен, су, энергетика, құрылыс, көлік-логистика және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою, болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керектігін атап өтті. Бұл еліміздің осы саладағы жоғары білім мен ғылым ісіне үлкен серпіліс әкелері сөзсіз. Президент баса назар аударған отын-энергетика салаларында ЕҰУ-дың көлік-энергетика факультеті ғалымдарының айтарлықтай жетістіктері бар, олар бұл бағыттағы ғылыми ізденістерін жалғастырып, энергетикамен қатар көлік-логистика саласына да өзіндік үлестерін қосуға әзір.
Мемлекет басшысының елімізде атом электр энергетикасын арттыру туралы ұсынысы да Қазақстан жоғары білімі саласына елеулі серпіліс беріп, нәтижесінде атом энергетикасы саласына лайықты мамандар легі даярланады деген сенімдеміз.
Асыл-Дастан БАЗАРБЕК, ЕҰУ физика-техникалық факультетінің аға оқытушысы, PһD докторы:
— Мемлекет басшысының әр жылғы Жолдауы тарихи құжат: қайсысын алып қарасаңыз да, стратегиялық маңыздылығы мен белгілі бір мерзімде нақты міндеттер мен мәселелердің шешілуін қамтамасыз етуге бағытталғанын көреміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауы да осы тұрғыдан сипатталған: ел өркендеуінің жаңа мүмкіндіктеріне жұмылдырып отыр. Өзінің мәні мен мазмұны жағынан мемлекеттік органдар, бизнес және азаматтық қоғам институттары үшін алдағы кезеңге арналған іс-қимылдардың тұтас стратегиясын айқындап, нақты міндеттер қойылды.
Мемлекет Басшысы саралап берген бастамаларға қараңызшы: Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою; Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу; Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау; Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу; Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру; Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту; Экологиялық ахуалды жақсарту; Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру; Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру, тағы басқа тапсырмасы. Байыпты бастаманың игілігін тұтастай алғанда бүкіл қазақстандық көрсе, содан кейін ғылым саласы алдағы уақытта бәсекелестікке қабілеттілік тұрғысынан бір қадам алда жүруі тиіс. Бұл тұрғыда цифрлы технологияларды терең дамыту қажеттігі айтылды.
Президент Жолдауында айтылғандай, болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлану керек. Бұл бағытта елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізуде. Алдағы уақытта маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырыс біртіндеп көбейтіледі және үздік университеттердің нақты сектормен байланысы нығая түседі. Міне, білім және ғылым саласын биіктерге жетелейтін осындай міндеттер көш басынан көрінуге ұйтқы болып, еліміздің еңсесін биіктетіп, ғаламдық өркениет өрісіне шығаратыны сөзсіз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған бұл Жолдауы болашақ үшін нық қадам десек болады. Өйткені дамыған елдің қатарына қосылудың басты факторы – ғылым. Ал экономиканың дамуы ғылыммен тығыз, тікелей байланысты. Жолдаудың құндылығы, міне, осында!