Кемел елдің келешегі зор

96

Президенттің биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, эконоикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын теледидар арқылы бастан-аяқ тыңдап, мерзімді басылым беттерінен оқып шықтым. Парламент палаталарының бірлескен отырысында осы жолы да халықты толғандырған басты мәселелердің талқылануы көңілімізге қуаныш ұялатты.

Еңбек адамының мәртебесін көтеру – бұл тек экономиканы дамытуға ғана емес, сонымен қатар қоғамда адал еңбекке деген құрметті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет басшысының озық әрі табысты елге айналудың басты кілті ретінде «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты негізгі ұстаным болуға тиіс. Соған сәйкес Президент келесі жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Еліміз кеңес заманындағы жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшкен жылдарда адал еңбек етіп жүрген қарапайым адамдардың қадірі түсіп, жұмысшы мамандықтарын қалаған жастар қатары селдіреп кеткені жасырын емес. Мемлекет басшысының еңбек адамдарын құрметтеуге бағытталған бастамасы сол кемшілікті түзетуді көздегені кәміл.Оның үстіне өз ісін жетік меңгерген, жауапкершілікті терең сезінген мамндар ғана елдің дамуында маңызды рөл атқара алады.

Кемел елдің келешегі – білім мен ғылым болса, бұл бағыттағы басты ұстаным: болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау. Бұл бағытта еліміздегі жоғары оқу орындары жұмыс жүргізуде. Президенттің айтуынша, алдағы уақытта маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырыс біртіндеп көбейтіледі және үздік университеттердің нақты сектормен байланысы нығая түседі. Міне, білім және ғылым саласын биіктерге  жетелейтін осындай міндеттер көш басынан көрінуге ұйтқы болып, еліміздің еңсесін биіктетіп, ғаламдық өркениет өрісіне шығаратыны сөзсіз.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткен негізгі 9 стратегиялық бағытта ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою; инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсартужолында үздіксіз жұмыс істеу; еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау;  инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу; еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру; Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту; экологиялық ахуалды жақсарту; мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру; қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру жайында кең көлемді бастамаларын ортаға салды. Осының бәрін біз ұжым болып талқыладық.

Президент ел экономикасының энергияға күннен-күнге артып келе жатқан сұранысын атом энергетикасы қамтамасыз ете алатындығы жайлы ойын ашық айтқанымен, осы маңызды мәселенің нақты шешімін қабылдауды халықтың өзіне тапсырып, 6 қазанда жалпыұлттық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысының бұл шешімі – оның өзі ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жасалған қадам.

Тағы бір маңызды жайт – Президент Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру міндеті қойылды. Шынтуайтында, бұл ұлттық идеологиямыздың негізгі арқауына айналуға тиіс. Себебі заң үстемдік құрып, темірдей тәртіп орнығатын елде экономикалық өсім де, қоғамдық оптимизм де болатыны даусыз. Халқымыздың аңызға айналған даңқты ұлы Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген сөзді бекерден-бекер айтпаса керек. 

Кемел елдің келешегі зор, Қазақстанымыз жасай берсін, еліміз аман, заманымыз тыныш болсын!

Айтолқын ОМАРХАН,

ЕҰУ Көлік-энергетика факультетінің оқытушысы