“ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕТІН ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫ БАСТЫ НАЗАРДА”
Бүгін Ордабасы ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен ауданның апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Отбасының цифрлық картасында Д және Е санаттағы отбасылардың санын төмендету бойынша атқарылған жұмыстар туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ардақ Талдыбаев, Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін нысандардың жағдайы туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Талғат Омарқұлов, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының орынбасары Асылжан Шажалы қосымша мәселелер бойынша «Таза Қазақстан» акциясының орындалуы, абоненттерді табиғи газ жүйесіне қосу және күзгі тал егу жұмыстарының барысы туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар, 2024 жылғы күзгі әскер қатарына шақыру бойынша Ордабасы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Бақдәулет Ташпулатов хабарлап өтті.
Аудан әкімі аудандағы салынып жатқан спорт кешендері мен тұрғын үйлердің құрылысын сапалы жүргізу, мерзімінде аяқтауды, жылыту маусымына дайындық (көмір тасымалдау) жұмыстарын жеделдету, ауыл округтері бойынша тұрғын үйлердің табиғи газға қосылу, күзгі тал егуді ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті қалыптастыру шарасының белсенділігін арттыру бойынша сенбілік жұмыстарын жандандырып, барлық коммуналдық мекемелердің жұмысы жоспарлы және тиянақты жүруін міндеттеді.
Мәжіліс соңында аудан басшысы баяндалған жұмыстар негізінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалуы өз тарапынан жіті бақылауда болатынын жеткізді.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі