Ішімдіктен бас тартып, ізгілікке бет бұру керек

20

Бүгінде Түркістан қаласының рухани болмысы мен тұрғындардың тұлғалық ерекшелігін айшықтау үшін «Ішімдіксіз қала» мәртебесін беру мәселесі көптен бері көтеріліп жүр. Сонымен қатар, киелі шаһарды алкогол сусындары сатылмайтын нағыз рухани шаһарға айналдыру мәселесі сөз болуда. Аталған бастаманы алғашқылардың бірі болып, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Түркістан облысы мен қаласының құрметі азаматы Жарылқасын Әзіретбергенов көтерген болатын.

«Түркістан – барлық түркі халықтарының ортақ рухани астанасы. Ілім мен білімнің бастауы, Ясауи ілімі арқылы ислам қазақтардың рухани өмір салтына айналғаны тарихи шындық. Ясауидің ұстазы Арыстан бабтың Отырардағы кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенесі – қазақтардың ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтары. Міне, осы руханият сабақтастығы жойылмас үшін біз бала-бақшадан бастап, жоғары оқу орнына дейінгі білім ошақтарында келешек ұрпақты орыстың жаман сусынынан аластатуды қолға алуымыз керек. Осындай жүйелі, кешенді жұмыстар жүргізгенде нәтижеге қол жеткізетін боламыз. Сонда ғана біз ішімдіктің атын да, затын да танымайтын ұрпақ тәрбиелей аламыз. Сонда ғана жас ұрпақ жаңа Түркістан үшін қызмет ететін болады. Бүгінде Түркістан қаласында көпқабатты үйлерден бөлек, азық-түлік түкендері мен супермаркеттер, кафе-ресторандар, асханалардың қатары да артып келеді. Жаңа мөлтек аудандарда ірі-ірі азық түлік сату орталықтары да ашылуда. Бірақ бір өкініштісі, оларда спирттік ішімдіктің сатылуы тоқтамай тұр. Бұл өте өкінішті жағдай», – дейді Жарылқасын ақсақал.

Жасыратыны жоқ, көбісі алкогольдің қаншалықты зиян екенін біле тұра, оны қолдануды тоқтата алмай келеді. Еліміз ішімдіктен бас тарту Ұлттық күнін 2007 жылдан бері кең көлемде атап өтуде. Жиі іс-шаралар ұйымдастырылып, мемлекеттік деңгейде салауатты өмір салты наисхатталып жүр. Оған қоса, жылдан жылға спирттік сусындардың бағасы өсіп жатыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 15-17 жастағы жасөспірімдердің 40 пайызы алкоголь пайдаланады екен. Жалпы, елімізде наркологиялық есепте 200 мыңнан астам адам тұрады. Өткен жылы Қазақстан ең ішкіш елдердің ішінде үздік ондықтан бір-ақ шыққан болатын. Біздің артымызда 185 мемлекет қалып қойған. Тіпті, сыраны сүйіп ішетін Германия, Италия секілді мемлекеттер қазақ рекордына «ілесе» алмай қалған сыңайлы. Он жыл бұрын Қазақстанда алкоголь суындарын өндіретін 52 кәсіпорын жұмыс жасаса, қазір олардың саны 15-ке дейін қысқарған. Бірақ, бұл көрсеткіш елдегі спирттік сусындарға тәуелділердің санын азайтуға еш көмегін тигізбей отыр.

«Кез келген ішімдік ішетін адам бір күні өзінен «Осым дүрыс па? Бұрыс па?» деп, сұрауы тиіс деп есептеймін. Сонымен, осы зиянды әрекеттен мүлде бас тартуға бола ма? Жай ғана «Тастаймын ба? жоқ па?» деп, бір-екі минут толғанғаннан нақты бір шешім шығару қиын. Ол үшін нық қадам жасау керек. Алкогольден құтылу – кез келгеннің қолынан келетін шаруа. Оның тағы бір ұтымды тұсы, дін жолына бет бұру. Алланың жолына жығылып, нәпсіні тиып, барлық жаман қаситтерден арылу », – дейді ақсақал.

Жалпы алкоголизм дегеніміз не? Біз осы сұраққа да жауап іздеп көрдік. Дәрігерлердің айтуынша, алкоголизм – спирттік сусынмен байланысты зиянды әдет және ауыр дерт. Ол тек физиологиялық тәуілділікке ұшыратып қана қоймай, психологиялық тұрғыдан да адамды басыбайлыққа салатын құдіретке ие. Алкоголизм сонымен қатар, экономикалық, әлеуметтік және жеке проблемаларға тап қылады. Ол тек тәуелді адамның ғана емес, оның отбасысын, туған-туыстарының өмірін әуре-сарсаңға салады. Бір сөзбен айтқанда, барлық жамандық атаулының бастауы.

Бүгінде, еліміз алкогольдік өнімдерді мөлшерден тыс тұтынып, қотара ішетін қомағайлардың қатары әлі де сиремей келеді. Өз заманында ұлы жазушы Лев Толстой айтып өткендей, «Ішімдік — отбасын ойрандатып, тексіздікке апаратын ең сорақысы қылмысқада итермелейтін бірден бір құрал болып саналады».

Қазіргі таңда әлемнің бірқатар елі қоғамның өзегіне түскен осы дертпен күресте бірқатар шаралар кешенін атқаруда. Салауатты өмір салтын наси-хаттау үшін Қазақстанда да ішімдікке қарсы күрес жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері құқық қорғау органдарының қызметкерлері алкоголь өнімдерін заңсыз сатуды анықтау мақсатында дүкендер мен сауда нүктелеріне тексеру жүргізуде. Соның нәтижесінде, өңірлердегі заңсыз ішімдіктер тәркіленіп, көлеңкелі бизнеспен күрес қарқынды атқарылуда. Әрбір азамат зайырлы қоғамның белді бір мүшесіне айналу үшін алдымен ішімдік пен жаман әдеттерден түбегейлі бас тартуы керек.

Осы ретте, елімізде алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың салдарынан орын алып жатқан жол-көлік оқиғалары, жарақаттар, зорлық-зомбылықтармен улану секілді сыртқы себептерден болатын өлім-жітім көрсеткіштерінің алдын алу мақсатында Атырау қаласы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторлары әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлерімен бірлесіп, тұрғындарға ішімдікті тұтынудан толықтай бас тарту жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, тұрғындарды маскүнемдіктен ауыздықтау бойынша учаскелік полицейлер аумақтарында орналасқан дүкендерге барып, қоғамда орын алатын қылмыстардың сонымен қатар отбасындағы түрлі ұрыс-жанжалдардың көбісі ішімдік ішу салдарынан болатынын айтып, алкоголь өнімдерін сатудан бас тартуға шақырды. Және де осындай тәжірибе барысында ішімдіктен бас тартып, сатуға қатаң шектеу қойған еліміздің кейбір аймақтарын үлгі ретінде атап көрсетуге болады.

Мамандардың пайымдауынша, шөл басу үшін күнделікті бір шөлмек сыра ішу – маскүнемдіктің алғашқы белгісі. Екі-үш рет сыра ішкеннен кейін адам ағзасы оған тез үйреніп, оны қажет ете бастайды. Яғни адамда психологиялық тәуелділік синдромы пайда болады. Соның нәтижесінде адам «шөл басу үшін ішіп отырмын» деп, психологиялық тұрғыдан соған өз-өзін сендіреді. Ал, шындығында, адамда алкогольдік ішімдікке деген тәуелділік пайда бола бастайды. Одан әрі адам физикалық тәуелділікке бой алдырады. Яғни адам ағзасы енді сыраны қанағат тұтпай, араққа көшеді. Ал одан әрі адамның сырадан араққа өтіп, ертең-ақ маскүнемге айналмасына ешкім де кепілдік бере алмайды. Яғни алкогольдік ішімдік ішіп бастау мен маскүнемдіктің арасы бір-ақ қадам.