АУДАН ӘКІМІНІҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУЫ ӨТТІ

3

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы азаматтардың арыз-өтініштері бойынша жеке қоғамдық қабылдау өткізді.

«AMANAT» партиясы Отырар аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен қабылдауға партия филиалының атқарушы хатшысы Е.Таңатаров, аудан әкімінің орынбасары Т.Елекеев, тиісті ауыл округтерінің әкімдері мен бөлім басшылары қатысты.

Қабылдауға алын ала жазылған тұрғындар тұрғын үйге газ құрылғысын орнату, Шәуілдір ауылындағы Е.Аманбаев көшесін жарықтандыру, денсаулығына байланысты жәрдемақы алу, Маяқұм ауылының ауыз су жүйелерін ауыстыру, Ш.Уәлиханов мектебінің электр жарығымен тиісті деңгейде қамтамасыз ету, Балтакөл ауыл округіндегі Б.Жұмағұлов көшесін асфальттау, Тәукебай және М.Әжіқабылов көшесіне аяқ жол салу, Көлқұдық елді мекеніндегі А.Мүтәлі көшесін аяфальттау және осы көшеге қосалқы 500 м болатын көшеге тас төсеу, Самырат елді мекеніндегі Тәтібай көшесін асфальттау, балалар ойын алаңшасын салу, «Лейшмониоз» ауруының алдын алу, елді мекенге ортақ жайылымдық жер алу секілді мәселелер бойынша өтініштерін жеткізді.

Әрбір тұрғынның мәселесін тыңдап, заңдылыққа сәйкес түсініктеме берген аудан әкімі тиістілігіне қарай жауапты сала орынбасары мен мекеме басшыларының құзырына белгіленген уақыт мерзімінде орындауды тапсырды. Ал, бірқатар мәселелерге байланысты алдағы уақытта аудан бюджетін нақтылау кезінде ескерілетінін жеткізді.