ШЫМКЕНТТЕ ҚАР ТАЗАЛАУ ЖҰМЫСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Шымкентте толассыз жауып жатқан қардың салдарын жою және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қар тазалау жұмысты ерекше бақылауға алынды. Шымкент қаласы әкімі аппараты арнайы ситуациялық орталықта қала көшелеріндегі техникалардың жұмысын бейнебақылау камералары арқылы бақылап отыр.
Қала көшелерінде орнатылған бейнебақылау камераларынан техникалардың қай жерде жұмыс істеп жатқанын және қай көшенің тазартылмағанын бір мезетте көруге болады. Бұл жауапты мамандарға қар тазалау жұмысын жедел үйлестіріп, қажет болған жағдайда шұғыл шешім қабылдауға және тазалау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан арнайы мониторинг тобы әр техниканың бағытын GPS қондырғылары арқылы қадағалап, мұз қату қаупі бар аймақтарға жедел бригадалар жіберуде.
Қар тазалау жұмысы ең алдымен әлеуметтік маңызы бар нысандар аумағында [аурухана, мектеп, балабақша], жаяу жүргіншілер жолы мен бірінші деңгейдегі негізгі магистральді көшелерде жүргізіледі. Барлық көшеге инертті материалдар себіліп, толық қар күреу жұмысы аяқталған соң ғана жол жиегіндегі жиналған қар шығарылады. Басты басымдық –магистральді көшелерді тазарту.
Жалпы қала көшелерін қардан тазалау жұмыстарына мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 189 арнайы техника мен 2000-ға жуық қызметкер жұмылдырылған. Қазіргі таңда көше бойларында инертті материал себу, қарды тазалау және жаяу жүргіншілер жолдарын тазарту жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Жаяу жүргіншілер жолында көктайғақтың алдын алу мақсатында бес аудан бойынша 40-қа жуық шағын трактор жұмыс істеп жатыр. Ал техника сыймайтын көшелер мен қиылыстарды коммуналдық қызметкерлер тазартуда.
Инертті материалдар қоры:
- Құм: 24 800 м³
- Тұз: 13 200 тонна
Барлық коммуналдық сала қызметкерлері тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы жағдайын қамтамасыз ету үшін тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.