«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: БӘЙДІБЕКТЕ ӨТКЕН ЖАЛПЫАУДАНДЫҚ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНДА 92 ТОННАДАН АСТАМ ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ

35

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасының «Таза қала» кезеңі аясында Бәйдібек ауданда тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға аудан тұрғындары, түрлі сала мамандары мен «ЖасLife» еріктілер клубының ерікті жастары атсалысты.

Шара барысында кіреберіс және ішкі көшелер, саябақтар, арықтар мен су өткізгіш құбырлар қоқыстан тазартылды.

Бұған дейін Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов аудан тұрғындарын тазалық жұмыстарына белсене қатысуға, қоршаған ортаны таза ұстауға шақырған болатын.

– Ауданымыздың болашағы мен дамуы тек біздердің бірлескен күш-жігерімізге байланысты. Көркею мен дамуға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек. Әрбір тұрғын жауапкершілікті өзіне міндет деп санаса, бәріміз бірге таза әрі әдемі ортада өмір сүретін боламыз. Сондықтан, сенбіліктер мен қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, экологиялық мәдениетімізді дамытуымыз қажет. Жұмыла көтерген жүк жеңіл, сондықтан ауданымыздың тазалығы мен көркеюі үшін бірігіп жұмыс істеуге, айналамызды таза ұстауға, қоғамдық орындарды әрдайым күтіп-баптауға, үй аулаларын ретке келтіруге шақырамын, – деді аудан әкімі.

Айта кетейік, бағдарлама аясында ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына 3000-ға жуық тұрғын мен белсенді жас қатысып, 28 техника жұмылдырылды. 41 шақырым көше бойы, 19 шақырым аяқжол, 16 балалар мен спорт алаңшасы, 8 көпір, каналдар мен өзен арналарында тазалық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 92 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі