ORDABASY: АМАНГЕЛДІ АУЫЛЫНА ГАЗ БЕРІЛДІ

42

Ордабасы ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді. Бүгін Қажымұқан ауыл округіне қарасты Амангелді ауылындағы газ нысанының құрылысы аяқталып, газ берілді.

Тұрғындардың қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Азат Оралбаев, облыс депутаты Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков және аудандық мәслихат депутаты Бейсенбай Сатыбалдиев арнайы барып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Салтанатты шарада ауыл ақсақалдары мен ақжаулықты аналар көгілдір отынның берілу сәтінің куәгері болып, ізгі ниеттерін білдірді.

“НИП-А-А-А” ЖШС құрылыс жұмыстарын 2021 жылы бастаған. Жалпы ұзындығы 9,5 шақырымды құрайтын құбыр арқылы 200-ден аса абонентке газ жеткізілді.

Айта кетейік, Ордабасы ауданы бойынша 57 елді мекеннің 61,4%-ы табиғи газбен қамтылып отыр. Қазіргі уақытта 4 елді мекеннің (Шұбар, Береке, Сарытоғай, Тоқсансай) құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, газ құбырларына сығымдау жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың наурыз айында аталған елді мекендерге көгілдір отын беру жоспарланып отыр. Жалпы аудан көлемінде 35 елді мекен табиғи газбен қамтылды.