ҚАЛА ӘКІМІ ҚЫТАЙЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ

22

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Қытай Халық Республикасының «Silk Road Construction and Development Co., Ltd» компаниясының өкілдерін қабылдады. Кездесу барысында қалада іске асырылып жатқан және алдағы уақытта жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың өзекті мәселелері талқыланып, тараптар өзара пікір алмасты.

Қала әкімі шетелдік инвесторларға Түркістан қаласының инвестициялық мүмкіндіктері мен туристік әлеуеті туралы жан-жақты ақпарат беріп, қалада бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар мен толық қолдау көрсетілетінін атап өтті. Ол Түркістанның еліміздің маңызды туристік және экономикалық орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

«Silk Road Construction and Development Co., Ltd» компаниясының өкілі Ли Хайнань Түркістан қаласының инвестициялық мүмкіндіктері зор екенін, сондықтан олар өз жобаларын дәл осы жерде жүзеге асырғысы келетінін айтты. Қытайлық инвесторлар қалада бес жұлдызды қонақүйлер, аквапарктер және денсаулық сақтау салаларындағы жобаларды іске асыруға ниетті.

Инвесторлар алдағы екі ай ішінде жаңа қонақ үйдің жұмысын бастауды жоспарлап отыр. Мамыр айында басталатын құрылыс жұмыстары нәтижесінде заманауи қонақ үй кешені бой көтеретін болады. Бұл жоба Түркістанның инфрақұрылымын жақсартуға, қалаға туристердің ағымын арттыруға және жергілікті экономиканың дамуына үлес қосады деп күтілуде.

Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтып, жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын екендерін жеткізді.