ҚАЛА КӨРСЕТКІШТЕРІ МЕН КЕМШІЛІКТЕРІН РЕТКЕ КЕЛТІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілісте дербес бөлімдердің индикаторлық көрсеткіштері бойынша рейтинг және қала ішіндегі кемшіліктерді ретке келтіру мәселелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Пердебайұлы Түркістан қаласы әкімдігіне тікелей бекітілген 76 нысан индикаторларының көрсеткіштерімен таныстырды.
Жиын барысында Кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Мұхтар Ақжігітұлы қалаға түскен инвестиция көлемі туралы баяндап, 2024 жылдың қорытындысымен негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 400,2 млрд теңгені құрағанын, ал 2025 жылға жоспарланған инвестиция көлемі 490,0 млрд теңгені құрайтынын жеткізді.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы: «Салалық мекеме басшылары мен дербес бөлім басшылары, сіздердің жұмыстарыңыз енді осы көрсеткіштердің орындалуы арқылы бағаланатын болады. Сондықтан, әрбір мекеме басшысы көрсеткіштердің орындалуын экономика және қаржы бөлімімен келісіп, нақты іс-шара жоспарын бекітуді тапсырамын», – деп атап өтті.
Қала ішіндегі кемшіліктерді ретке келтіру жұмыстары бойынша Ұйымдастыру-инспекторлық және бақылау бөлімінің басшысы Ердәулет Мақсатұлы баяндама жасап, қала жолдарының жай-күйі мен оның тазалығы, кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстарын білдірді.
Түркістан қаласының әкімі аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, бақылауды күшейтуді тапсырды.