ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ АУДАН АКТИВІМЕН КЕЗДЕСТІ

60
Бүгін Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов және мәслихат депутаттары Мырзахан Манапов пен Нұржан Сейтжанов Отырар ауданында болып, аудан активімен кездесті.
Халық қалаулылары кездесуде сайлауалды бағдарламаларының орындалуы туралы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жиынға дербес бөлімдердің басшылары, мекеме қызметкерлері, ауыл әкімдері, ардагерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері, аудан жастары және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ашып, жүргізіп отырды.
Еркін форматта өткен кездесуге арнайы келген облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов депутаттарға өз сайлаушыларының алдында жылына бір рет есеп беріп міндеттелгенін айтты. Осы орайда тұрғындар көтерген мәселелердің іске асырылуы, өңірдегі өзекті мәселелердің шешімін табуы бойынша Түркістан облысы мәслихатының депутаттары халықпен жүйелі түрде кездесу өткізіп жүргенін жеткізді. Кездесуде көтерілген мәселелер бойынша хаттама түзіліп, шешілуі бойынша тиісті орындарға жеткізілетінін айтты.
2024 жылы облыстық мәслихатта 6 сессия өткізіліп, 89 шешім қабылданып, 502 депутаттық сауал жолданды.
Кездесу барысында облыстық мәслихат депутаты Мырзахан Бексұлтанұлы 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыстық мәслихаты депутаттық корпустың атқарған жұмыстары мен 2025 жылдың жоспарын баяндады.
Кездесуде аудан тұрғындары ауыз су, газдандыру, жолдарды жөндеу, ауруханаға жаңа жедел жәрдем көлігін алу, мәдениет үйін салу мәселелері бойынша өтінішін айтты.
Жиында халықтың өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдаған депутаттар тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселелерді назарға алып, тиісті сала басқармаларына жолданатынын айтты.
Жиын барысында аудан басшысы Қайрат Жолдыбайұлы өңірімізде іске асып жатқан инвестициялық жобалар мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарға тоқталды. Кездесуді қорытындылап, киелі Отырар ауданына арнайы келіп, облыстық мәслихат депутаты ретінде атқарған жұмыстарымен таныстырған халық қалаулыларына аудан халқының атынан шынайы алғысын айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.