ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА КЕЗЕГІН КҮТКЕН 84 ТҰРҒЫНҒА ПӘТЕР БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында жүйелі шаралар қабылдануда. Осы орайда ауданымызда мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Ауданымызда бүгінгі күн ерекше күндердің бірі болып, Темірлан елді мекеніндегі жаңадан бой көтерген Самал мөлтекауданынан көптен күткен кезектілігі жеткен 84 тұрғынға 3 қабатты үйлерден пәтерлер берілді.
Аудан әкімі Азат Оралбаев «Қасиетті рамазан айында игілікті жаңалықтар болып жатыр, мемлекет басшысы тапсырмасымен, облыс басшылығының қолдауымен өздеріңізге баспана беріп, қуаныш сыйлаудың сәті түсіп отыр» деп, құттықтау лебізін айтып, пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті.
Азаматтардың арманы орындалып, өз баспанасына қол жеткізген бұл шараға облыстық мәслихаттың депутаттары Ғани Райымбеков, Дулат Әбіш, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Құрманбекұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостан Бөпешбайұлы да қатысып, өз құттықтауларын жеткізді.
«Бүгін біз үшін аса қуанышты күн. Жылдар бойғы арманымыз орындалып, өз баспанамазға қол жеткіздік. «Өз үйім – өлең төсегім» деген сөздің мағынасын бүгін тереңірек түсіндік. Үй кезегінде тұрған барлық азаматтарға осындай қуаныш тілейміз», – деген жаңа пәтер иелері асқан ризашылықпен алғыстарын білдірді.
Сонымен қатар, бүгін берілген үйлердің ауласында көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа қонысқа көшкен тұрғындармен бірге ағаштар отырғызылды.
Қазіргі уақытта жалпы Ордабасы ауданы бойынша тұрғын үй кезегінде 2803 азамат тіркелген. Кезектегі тұрғындарды үймен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.