ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелермен танысты. Ынталы және Шәуілдір елді мекендерінің халқымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Бұған дейін аудан әкімінің кездесулері мен қабылдауында болған тұрғындар электр жарығының жетіспеушілігі, аяқжолдар салу, тұрғын үй кезегі бойынша бірнеше мәселелерді көтеріп, қолдау көрсетуін сұраған. Көтерілген мәселелерге байланысты мән-жайды көзбен көруді жөн санаған аудан басшысы тиісті салалары бойынша жауапты мамандарға тапсырма берді.
Аралау барысында аудан басшысы: «Әрбір тұрғынның өтініші ескерусіз қалмайды. Әсіресе әлеуметтік мәселелер назардан тыс қалмауы тиіс. Көтерілген мәселелерді саралап, мүмкіндіктеріне қарай тиісті жұмыстар атқарылатын болады»,-дей келе, жауапты сала басшыларына заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды жүктеді.