АУДАНДА ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ҚАТЫНАЙДЫ

76

Отырар ауданында күн өткен сайын аудан орталығы мен елді мекендер арасында байланыс нығайып келеді. Бұған дейін шалғайда орналасқан ауыл тұрғындары аудан орталығына қоғамдық көлік жүргізілсе деген талап-тілектерін білдірген болатын.

Тұрғындардың өтініші ескеріліп, аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының бастамасымен ауыларалық бағыттарға қатынайтын қоғамдық көлік қозғалысы жандана бастады.

Бүгін аудан басшысы ауданішілік жаңа қоғамдық көліктің бағытын ашу жұмыстарымен танысу үшін тиісті сала басшыларымен бірге «Жұлдыз» авто бекетінің базасына арнайы барып, жауапты мекеме қызметкерлерімен кездесті. Аралау барысында Мемлекет басшысының халыққа қолайлы жағдай жасау бағытындағы тапсырмасы аясында іске асып жатқан жобаның маңыздылығын айтып, қоғамдық көлік жүргізушілеріне негізгі міндеттерді түсіндірді.

Жалпы ауданда 12 бағыт бойынша қоғамдық көлік қатынасына конкурс жарияланып, конкурс жеңімпазы «Мұхтарәлі» ЖШС танылған. Аталған бағыттарда орналасқан елді-мекендерде 45,0 мыңға жуық халық тұрады. Қоғамдық көліктер сәуір айының 10-нынан бастап халыққа қызмет көрсете бастайды.

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бастысы жолаушылардың қауіпсіздігі мен оларға сапалы қызмет көрсету екенін ескертіп, жауапты сала басшыларына аталған жұмыстарды бақылауға алуды тапсырды.