«ӘЗІРЕТ — СҰЛТАН» МУЗЕЙ — ҚОРЫҒЫНА ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков халықаралық сарапшылар тобының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында сарапшылар «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жобасының 5.1 кезеңі аясында археологиялық парк жобасының ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Зерттеу жұмыстары ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілген «Қожа Ахмет Яссауи» кесенесі мен «Күлтөбе қалашығы» кешенінің Түркістан қаласындағы тарихи аймаққа тигізетін әсерін зерттеуге бағытталған.
Жобаның жүзеге асырылу барысы бойынша бірқатар маңызды мәселелер талқыланып, Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан жоспарланған шараларды ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар комитетімен келісу қажеттілігі, сондай-ақ, бұл процестің 1972 жылғы Әлемдік мұраларды қорғау туралы конвенцияға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс екені атап өтілді.
Кездесу соңында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Жұмадуллаұлы халықаралық сарапшыларға атқарылып жатқан жұмыстар мен кең ауқымды ынтымақтастық үшін алғысын білдірді.