ЗАМАНАУИ КОНГРЕСС-ХОЛЛ ШАҺАРДЫҢ ШЫРАЙЫН АШАТЫН НЫСАНҒА АЙНАЛМАҚ

214

Шымкентте бүгінде заманауи конгресс-холдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ол үшінші мегаполистегі жаңа шағынаудан – Шымкент ситидің аумағында салынуда. Жаңа өнер ордасының құрылысы барысын жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов аралап көріп, ғимараттың сапалы етіп салынуы өте маңызды екенін атап өтті.

– Біз бұл конгресс-холда халықаралық конференциялар, фестивальдар мен концерттік бағдарламаларды, өзге де ауқымды іс-шаралар өткізетін боламыз. Ол көп функционалды орталық ретінде қала тұрғындарының игілігіне қызмет ететін нысанға айналады, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Расында, Шымкент біртіндеп халықаралық деңгейде танымал қалалардың біріне айналып келеді. Мәселен, қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мамандарының мәліметі бойынша, биылғы алғашқы 6 айдың өзінде шаһарға 216 249 турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,7 пайызға жоғары. Оның ішінде 200 549 адам ішкі турист болса, 15 700 адам шет ел азаматтары екен. Оған қоса Шымкентте Біріккен Араб Әмірліктерінің консулдығын ашыу жоспарланып отыр. Бұл қалаға саяхаттап келетін азаматтардың көбейе түсуіне әсер ететіні талассыз. Сондай-ақ, жылдан жылға Шымкенттің инвестициялық тартымдылығы артып келеді. Әлемнің әртүрлі елдерінен Шымкентке келіп, бизнес жобаларды жүзеге асырып жатқан инвесторлардың да көбейіп келе жатқаны қуантады. Осындай қонақтардың барлығы бас қосатын, әртүрлі іс-шаралар өткізетін заманауи, еңселі ғимараттың керек екені айқын.
– Шымкенттің жылдан жылға өркендеп, дамып келе жатқаны қуантады. Қаламызда көп қабатты үйлер, зәулім ғимараттар, ірі бизнес және сауда–ойын-сауық орталықтары мен халықаралық талаптарға сай қонақ үйлер көбейіп келеді. Жолдар тегістеліп, қоғамдық көліктің барлығы жаңарды. Жаңа әуежай терминалы салынып жатыр. Осының бәрі шетелдік саяхатшылардың шырайлы қаламызға деген қызығушылығын арттырады. Ендігі жерде біздің қаланың мәдени деңгейін паш ететін өнер ордалары көбейсе, құба-құп. Астана мен Алматыда конгресс-холл болсын, басқа өнер сарайлары болсын, жетерлік. Өткен жылдары Түркістан қаласында да конгресс-холл ашылды. Ендігі жерде Шымкентте де осындай заманауи ғимараттың салынып жатқанына қуаныштымын, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Зухра Идрисова.
Сонымен, Шымкенттегі жаңа конгресс-холл 5,24 гектар алқапты алып жатыр. Өткен жылы басталған құрылысы 2023 жылы аяқталады деп күтілуде. Ғимарат үш қабатты болады. Онда
2 066 орынға арналған, 5 блоктан тұратын үлкен зал болады. Конгресс-холда, оған қосымша, 80 адамға лайықталған, салтанатты рәсімдерге арналған зал мен 40 орынды баспасөз орталығы да жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, ғимараттың жобасында қызметкерлер мен келушілерге арналған асхана мен кең автотұрақ қарастырылған.
Бір бұл конгресс-холл ғана емес, қалада көптеген құрылыс жүріп жатыр. Тіпті, республикалық мәртебеге ие болғалы бері
Шымкентті алып құрылыс алаңына айналды деуге болады. Мәселен, биыл қалалық құрылыс басқармасының тапсырысымен 90 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Арасында бюджет есебінен салынып жатқан көп қабатты 51 үй де бар. Оның 31-і – кредиттік, 20-сы арендалық үйлер. Қалалық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметі бойынша, осы үйлердің жалпы ауданы 239 300 шаршы метрді құрайды. Онда 2 972 пәтер бар.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы Тұран шағынауданы мен әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген 7 арендалық үйдің құрылысы аяқталып, ондағы пәтерлер баспана кезегінде тұрған отбасыларға шілде айында тапсырылған. Жыл соңына дейін қалған 24 кредиттік және 20 арендалық үйді ел игілігіне беру жоспарлануда.
Инженерлік инфрақұрылым нысандары бойынша 15 нысан жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылады. Атап айтқанда, Тұран шағын-ауданында – 3 жоба,
Бозарық шағынауданында – 6 жоба, әкімшілік-іскерлік орталықта 2 жоба қарастырылған. Мұнан бөлек Шымкент қаласы Қаратау ауданының №189, 192 орамдарында – 2 жоба, Игілік шағынауданында 2 жоба жүзеге асырылып жатыр.Сонымен қатар биыл Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынанан білім беру саласында 4 600 орынға арналған 11 білім ғимаратының құрылысы жүруде. Оның ішінде 4 орта мектептің жанынан салынған қосымша ғимараттар жаңа оқу жылы басталғанға дейін салынып бітті. Ал жыл соңына дейін білім саласында тағы 3 нысан пайдалануға беріледі. Қалған 4 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі.
Оған қоса, бүгінгі таңда білім саласында жалпы 6 690 орынға арналған 16 ғимараттың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Биыл мәдениет саласында да 3 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде ең ауқымдысы ретінде жоғарыда біз әңгімелеген Шымкент сити шағын ауданында салынып жатқан конгресс-холл ғимаратын айтуға болады.
Ал спорт саласында
«Металлург» стадионы жаңартылып, Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінің қосымша корпусы мен Шымкент жоғары медицина колледжінің спорт залының құрылысы жүруде. Сонымен қатар Шымкент қаласының ауыр атлетикадан балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резервін дайындайтын мамандандырылған спорт мектебіне арнап Бозарық-3 шағынауданынан жаңа ғимарат салынуда. Жаңа спорт мектебі келер жылы шәкірттеріне есігін айқара ашады.
Ал абаттандыру бағытындағы жұмыстарға тоқталар болсақ, Еңбекші ауданындағы құрылысы 2021 жылдан өтпелі саябақта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылысын қыркүйек айының соңында аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарланған.
Мұнан бөлек Шымкент сити шағынауданында алаңы 18 гектар жер учаскесіне саябақ салу бойынша мердігер мекемені анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. Сонымен қатар, қаланы абаттандыру бағытында 3 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Құрылыс сапасының жайы қашан да өзекті мәселенің бірі болып қала бермек. Сапаға қатысты тұрғындардан шағым көптеп түсіп жататыны да жасырын емес. Осыған орай қазіргі уақытта құрылыс компанияларына қойылар талап күшейген. Қалалық құрылыс басқармасының мамандары құрылысты сапалы орындау, мамандардың біліктілігін арттыруда тиісті жұмыстар қолға алынғанын айтады.
Нарықтық экономикада құрылысқа тікелей қатысатын жауапты мекемелер бар. Құрылысқа қатысушы мердігер мекеме, тікелей сапаны бақылайтын, ЖСҚ-ға сәйкестігін қарайтын техникалық қадағалау мекемесі және авторлық қадағалаушылардың мамандары білім-біліктіліктерін үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Бұл – уақыт талабы. Қалалық құрылыс басқармасы жұмыс тапсырушы ретінде құрылыстың жүргізілуін ұйымдастырады.
Мамандардың айтуынша, егер жауапты мердігер мекеме жүргізген құрылыстың сапасына қатысты сындар, шағымдар айтылса, басқарма өз тарапынан ақаулықты орнына келтіру бойынша тиісті шешімдер қабылдайды. Басқарма мердігер мекемелердің жауапкершілігін арттыру бойынша бес жылдық келісімшарт жасаған. Басқа өңірлермен салыстырғанда, кепілдеме мерзімінің ең ұзағы да Шымкентте екенін айтуға болады. Яғни, бес жылда қандай да бір ақаулар пайда болса, мердігер компания оны өзінің есебінен қалпына келтіреді.
Егер мердігер мекеме өзінің жұмысын дұрыс ұйымдастырмаса, сапаны қатамасыз етпесе, бес жылдың ішінде шығынға ұшырайды. Мамандар соңғы кездері мердігер компаниялар да осы қағиданы түсінгенін алға тартып отыр. Мәселен, Тұран шағынауданындағы көп қабатты үйлерден біршама ақаулар анықталған. Бұл мәселеде тұрғындар тарапынан арнайы штаб құрылыпты. Ақаулықтар, негізінен, есік-терезе, линолеум төсеу, әрлеу, қасбет жұмыстарына қатысты. Қазіргі таңда ақаулар толығымен жойылған көрінеді. Тұрғындармен кері байланыс орнату үшін қалалық құрылыс басқармасының арнайы WhatsApp желісі, сенім телефондары ұйымдастырылған. Қандай да бір кемшіліктер болса, тұрғындар басқармаға уәжін айта алады. Әрі қарай басқарма өкілдері техникалық қадағалау мекемесімен бірлесе мердігер мекемені ақаулық актілерін қысқа мерзімде жоюға міндеттейді. Сол себептен де мердігер компаниялар нысан құрылысын сапалы әрі тиісті мерзімде орындауы қажет.
Иә, Шымкентте құрылыс саласының қарқын алуы өте қуанышты жағдай. Себебі, құрылыс – қаланың бүкіл экономикасының дамуына қозғау салатын, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтуға жол ашатын бірден-бір іргелі сала.

 

«Шымкент келбеті»