ОҚЫСАҢ БІЛІМ ҚОРЫН ҒЫЛЫМ АСАР

236

Қазақстанда жоғары білім және ғылым министрлігі құрылып, жұмысын жалғастыруда. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз ісіне адал ғалымдардың ісі құрметтеуге
лайық екенін атап өткен болатын.

Сондай ғалымдардың бірі – Әлімбек Жұманов. Өз ісіне берілген маман, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан жоғары оқу орындары біріккен мамандандырылған кеңестерінің мүшесі, ҚР жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясының академигі, ТМД елдеріне белгілі басқару есебі және аудит ғылыми мектебінің негізін салушы ғылым докторы жарты ғасырға жуық уақытын экономика ғылымдарына арнаған. Әлімбек Момынбекұлы бүгінде Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ-да кафедра профессоры болып еңбек етіп келеді.

АРИФМЕТИКА, МАТЕМАТИКА, БУХГАЛТЕРИЯ…

Әлімбек Момынбекұлы 1952 жылы Өзбекстанда туған. Кішкентайынан есепке жүйрік болып өскен ол мектепті үздік аяқтайды. Қышлақтың қарапайым баласы Ташкент мемлекеттік экономикалық университетіне оқуға түседі. Ата-анасы қарапайым еңбек адамдары болған студент жоғары оқу орнында да озат болып, 1977 жылы қызыл аттестатпен тәмамдайды. Оқытушылардың ұсынысымен жас маман осы оқу орнында жұмысқа қалады. Ауыл шаруашылығындағы бухгалтерлік есеп, бақылау және аудит кафедрасында ассистент болып еңбек етеді.
– Университет басшылығы 1981 жылы мені Ресей Федерациясының үкіметі жанындағы Мәскеу қаржы институтына жіберіп, мақсатты аспирантураға қабылдандым. Осында жүріп, әйгілі ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор Михаил Рапопорттың жетекшілігімен кандидаттықты қорғадым. Оның тақырыбы «Мақта-агроөндірістік кәсіпорындарындағы бухгалтерлік есепті ұйымдастыру» болатын, Яғни, қазіргі кластер бойынша қорғадым, – дейді Әлімбек Жұманов.
30 жасында кандидаттықты қорғаған жас ғалымның бұл тақырыпты таңдауы тегін емес еді. Ол Кеңес одағында, оның ішінде Өзбекстанда мақта шаруашылығы қатты дамып тұрған кезең болатын. Сол кездегі салалық ғылым қазіргі таңда, 30-40 жылдан кейін кластер болып дамуда.
Кандидаттықты қорғаған соң ол Ташкенттегі оқу орнына қайтып келіп, жұмысын жалғастырады. Аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі болып істейді. Докторлық кеңестерді ашуға еңбек сіңіреді. 40 жасында экономика ғылымдарының докторы атанып, 42 жасында кафедра профессоры болады. Ал 1994 жылы Қазақстан
Республикасы Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының табиғи пәндер академиясының академигі болып сайланып, сол жылдан бері Қазақстанда
еңбек етіп келеді.

АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ

Болон келісімі бойынша жүзеге асырылатын кредиттік оқыту жүйесінде «Академиялық ұтқырлық» деген ұғым бар. ТМД елдеріндегі жоғары оқу орындарында да оған ерекше мән беріледі. Біздің кейіпкеріміз де сол жүйе бойынша бірнеше елде еңбек еткен.
– Өзбекстаннан бөлек Қырғызстанның Бішкек, Ош, Жалалабад қалаларындағы оқу орындарында, Қазақстанның Алматы көлік және коммуникация академияснда оқытушылықты атқардым, кафедра меңгерушісі болдым, біріккен арнайы кандидаттықты және докторлықты қорғау кеңесінің мүшесі болдым. Одан кейін 2004 жылдан халықаралық Қазақ-Түрік университеті Шымкент институтының қаржы және несие кафедрасының меңгерушілігіне шақырды. Ал 2007 жылы Түркістан қаласындағы ХҚТУ жанындағы экономикалық пәндер, бухгалтерлік есеп бойынша кандидаттықты және докторлықты қорғау туралы арнайы мамандандырылған кеңестің мүшесі болдым, – дейді профессор.
Осылайша бірнеше университетте жұмыс істеген ғалым
Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ-де 2003 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы жылдары 20 фундаменталды монография, 500-ден астам ғылыми мақала жариялады, 20-дан астам ғылыми нұсқаулықтар әзірлеген. Әлімбек Момынбекұлының жетекшілігімен 10 докторлық, 30 кандидаттық және 100-ден астам магистрлік диссертациялар қорғалыпты.
– Қазақстанда тәрбиелеген шәкірттерімнің арасында
министр болғандары да, салалық министрліктерде істеп жатқандары да бар. Жоғары оқу орындарының ректоры, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық қаржы полициясында бас қаржылық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті басқарғандары да болды, салық басқармасында да еңбек етті. Жалпы, Орта Азия еліндерінде 30-40 шәкіртім бар деп мақтана аламын, – дейді ғылым докторы.

ОҚЫТа ЖҮРІП ОҚУ, ҮЙРЕТЕ ЖҮРІП ҮЙРЕНУ

«Экономика мен аудиттің басқа ғылымдардан айырмашылығы қандай?» деп сұрадық ғалымнан.
– Өзекті сұрақ қойдыңыз, – деп күлді профессор. – Бұл салада ешкім аспаннан салбырап түскен жоқ. Ғылым жолында 50 жыл өмірім өтті. Бухгалтерлік есептің негізін қалаушы – италиян монах-математигі Лука Пачоли деп саналады. XV-XVI ғасырларда өмір сүрген ол 1530 жылы «Есептер мен жазбалар трактаты» атты еңбек жазады. Міне, сол ғалым шоттар, екі жақты жазу мен дебет-кредиттің негізін қалаған деп есептеледі. Бұл ғылым математикамен тығыз байланысты. Жалпы, білімнің түбіне жеткен адам жоқ. Қазір бухгалтерлік есепте революциялық реформалар жасалуда. Соңғы ІТ технологиялар, информатизация, электронды үкімет, еркін экономикалық аймақ және тағы да басқа көптеген жетістіктердің барлығы бухгалтерлік есептің жаңа формасын, әдістерін туындатуда. Сол үшін бұрынғы алған білім мен қазіргі бухгалтерлік есеп және аудит, экономикалық ғылымның айырмашылығы көп. Бірақ, негізгі түбі бір. Сол 1530 жылдан бергі дебет-кредит әлі де қолдануда. Тек соны есептейтін, өңдейтін құралдар өзгеруде. О баста тақтада есеп жазылса, кейін арифметика қолданылды. Одан кейін калькулятор пайда болып, үлкен тумбалардағы машинкалар шықты. Ал қазір ұялы телефонда да есеп шығара бересіз. Бұл технологиялар біз оқыған кездегі негізгі пәндердің ішінде жоқ болатын. Осының бәрін оқып, үйренуге, заман талабына сай келуге тура келеді. Қазіргі жастар амбицияға толы, смартфон мен компьютерді «шашып» тастайды. Оларға сабақ өту үшін, үйрету үшін біз де олардан артық білуіміз керек.

ӨМІРІН ЕСЕПКЕ АРНАҒАН…

1530 жылы сол «Есептер мен жазбалар трактаты» жарық көрген 10 қараша содан бері бүкіл әлемде бухгалтерияның туған күні ретінде атап өтіледі. Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы ОҚУ-де осы датаға орай, профессор Әлімбек Жұмановтың 70 жылдығына арналған халықаралық экономикалық форум өткелі жатыр. «Жаңа Қазақстан. Евразия кеңістігі елдеріндегі экономика және қаржы есебінің мәселелері» атты форумға Қазақстанға қоса бүкіл Евразия елдерінен, Ресейден, Орта Азия елдерінен, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан,
Түркменстаннан ғалымдар келеді. Европа елдерінен де қатысушылар болады деп күтілуде.
Форумдағы материалдар арнайы ғылыми еңбек ретінде жарияланады. Экономикалық жиындағы материалдар негізінен ағылшын тілінде болады. Ал ғалымдар баяндамаларды өздеріне қолайлы тілде жасайды. Тыңдаушылар үшін ілеспе аударма жасалады. Дүние жүзінің кез келген нүктесінен онлайн қосылуға да болатын экономикалық форумға қатысушылар қазіргі таңда ақпараттық материалдарын жолдауда. Осынау форум арналып отырған тұлға туралы әріптестері жоғары пікірде.
– Бүгінде бүкіл әлем жаһандануға бет алған заманда кейбір жас мамандардың өзі қиындыққа төтеп бере бермейді. Ал Әлімбек Момынбекұлы заман ағымына ілесіп келеді. Ол ғылымда ғалым ретінде, білім беруде ұстаз ретінде, ал экономика мен саясатта қоғам белсендісі ретінде танымал. Өзі де үйрену жолында тоқтап қалмай, ойшыл, стратег ретінде дамып келеді, – дейді экономика ғылымдарының докторы, Халықаралық психологиялыұ академияның мүшесі Талғат Ниязов.
– Оның адамдардың бойынан қызықты тұстарын, қайталанбас қырларын тауып, аша білетін, әр шәкіртке өзіндік әдіспен үйретіп, талантын дамытатын қабілеті бар. Мұндай қарым-қатынасты ешкім ұмытпай, әркімнің жан-дүниесінде қалары сөзсіз. Мен Әлімбек Момынбекұлының қарапайымдылығы, кең табиғаты мен өзіндік ақылына таңырқаумен келемін. Ол айналасындағыларға мейірім төгіп, сенім ұялата алады, – деп баға береді экономика ғылымдарының докторы, бұрынғы ректор, бүгінде Өзбекстан Олий мажилисінің депутаты Надыр Жұмаев.
Сөз соңында кейіпкеріміз материалымыздың басында аталып өткен жоғары білім министрлігінің құрылуын қолдайтынын білдірді.
– 50 жылдан бері жоғары оқу орындарында еңбек етіп, үш елде докторлық кеңестің мүшесі болған, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің жоғары оқу жүйесінде шашым ағарып, тісім сарғайған маман ретінде айтарым – елімізде ғылым министрлігі өз алдына бөлінгені өте дұрыс шешім болды деп есептеймін. Дамыған елдерде мұндай жүйе әлдеқашан бері бар. Жоғарғы білім беру саласының ерекшелігі бөлек, жоғары білімді маман дайындау, сапасын бақылауға тікелей әсер етеді. Жалпы, халықаралық стандарттарға сай келеді, – деп аяқтады сөзін экономика ғылымдарының докторы, профессор Әлімбек Жұманов.

 

«Шымкент келбеті»