Ауыр жағдайдағы науқастардың басым бөлігі — өз бетінше ем қабылдағандар
Шымкентте ауыр жағдайда түсіп жатқан науқастардың 80 пайызы үйінде ұзақ уақыт өз бетінше ем қабылдағандар, дейді қаланың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.
Еліміздің үшінші мегаполисі бірнеше аптадан бері «қызыл» аймақта, эпидемиологиялық ахуал күрделі. 15 тамыз күні КВИ-дің 560 жағдайы тіркелген.
Қазіргі таңға мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 3 930 орын бар, төсек орын толымдығы 66,1%-ды құрайды, 1329 төсек орын бос. Инфекциялық стационарда 2601 науқас емделуде, жансақтау бөлімінде – 589 төсек орын бар, 382 науқас ем қабылдауда.
— Дүниежүзі 1 жыл бойы вакцинаны күтті. Бұл адамзаттың ең үздік ғылыми жаңалығының бірі болды. 18 жастан асқандардың барлығына вакцина қабылдауға болады. Әсіресе, қосалқы ауруы бар осал топтағыларға тез арада вакцина алуды ұсынамыз. Ата-анаңыздың, туыстарыңыздың амандығы үшін вакцина салдыруға апарыңыздар. Сонымен бірге, қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің вакцина салдыруы да аса маңызды. Осылайша ұжымдық иммунитет қалыптастырып, пандемияны жеңіп шығамыз, — деді Бас дәрігер.
Б.Позилов эфир барысында тұрғындар тарапынан келіп түскен сұрақтарға жауап берді. Тұмау белгісінің алғашқы белгілері білінсе дереу мобильді топтарды шақыруды немесе учаскелік емханаға бару керектігін айтты. Қалада вакцинаның 5 түрі барын айтып, баршаны екпе қабылдауға шақырды.