ШЫМКЕНТ ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕРДІ ДАМЫТУДА КӨШБАСШЫ

616

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «GOLDEN KIDS» жекеменшік мектептің құрылысымен танысты. Бәйдібек би даңғылының бойында орналасқан 400 орындық мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.

Мемлекет басшысы 2023 жылдың соңына дейін үш ауысымды және апатты мектептерді жою туралы үкіметке нақты тапсырма жүктегенін айтқан қала басшысы мектеп құрылысын күшейту үшін жеке кәсіпкерлерді көптеп тарту керектігін жеткізді.

Шымкент қаласында биыл пайдалануға берілетін 11 мектептің есебімен жекеменшік білім мекемесінің саны 62-ге жетеді. Жеке мектептер санын көбейту арқылы бюджетке түсетін жүктемені төмендетуге, орын тапшылығын азайтуға, білім сапасын жақсартуға және педагог мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді. Ал, инвестор үшін тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақ мерзімді бизнес жоба болып табылады.

Шаһар басшысы өткен жылы мегаполисте 25 жаңа мектеп ашылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеп, апатты мектептер жойылғанын атап өтті.

Құрылысы аяқталып қалған білім ошағын аралау барысында әкім балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалу керектігін, материалдық-техникалық базасының талапқа сай болуын қадағалауды тапсырды.