ҚАЛА ӘКІМІ АЗАМАТТАРДЫ ОНЛАЙН ҚАБЫЛДАДЫ

343

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша онлайн қабылдады. Тұрғындар сауалдарының басым бөлігі тұрғын үй, жер телімін рәсімдеу, жол, көше жарықтандыруы секілді мәселелерге байланысты.

Қабылдауда болған Құрсай шағын ауданының тұрғыны ирригациялық арықтар мен жарықшамдар қойып беруін сұрады. Оған қала әкімі ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталған соң, ирригациялық арық жүйесін жүргізу осы жылдың 4 тоқсанында аяқталатынын, ал, көшелерді жарықтандыруда бірінші кезекте шағынаудандар мен тұрғын алаптардың әлеуметтік нысандар көшелерін қамту жоспарланғанын айтып өтті.

Әрбір азаматтың өтініштері мен шағымдарын жауапты сала басшыларымен бiрге тыңдаған Мұрат Әйтенов айтылған мәселелер назарға алынып, заң аясында орындалатынын түсiндiрдi. Жер құқығы қатынастарынан туындайтын даулар сот арқылы қаралатынын айтып, бағыт-бағдар берсе, баспана сұраған азаматтарға пәтерлер кезек реттілігімен ғана берілетінін жеткізді. Жетекші сала басшыларына өз құзіреттілігі аясында көтерілген мәселелерді шешіп, нәтижесін баяндау жөнінде тапсырма берді. Барлық өтініш-арыздардың орындалуын қала әкімі тікелей өз бақылауына алды.