Қапшағай су қоймасы екінші жыл қатарынан 100% толды

15

Қазіргі таңда Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасында шамамен 18,5 млрд текше метр су жиналды. Былтыр су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 100%-ға толған болатын.

Су қоймасының толуы облыстағы Ақдала және Шеңгелді суармалы алқаптарын сумен толықтай қамтуға мүмкіндік береді.

Қапшағай су қоймасы Іле өзенінің су ағынын реттеп отырады. Жыл басынан бері су қоймасынан Балқаш көліне 3,8 млрд текше метр су жіберілді. Ал былтыр осы кезеңде бұл көлем 2,9 млрд текше метр болған еді.

Судың мол берілуінің арқасында бір жылдың ішінде Балқаш көлінің деңгейі 12 сантиметрге көтеріліп, Балтық жүйесі бойынша 341,52 метрден 341,64 метрге жетті. Ал көлдегі су көлемі 2 млрд текше метрге ұлғайды.

«Су ресурстары және ирригация министрлігі трансшекаралық өзендерге, соның ішінде Іле өзеніне қатысты мәселелер бойынша қытайлық әріптестерімен тұрақты байланыста. Бірлескен жұмыстың арқасында қатарынан екінші жыл бойы Алматы облысының диқандары суармалы сумен толық қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар Балқаш көлі бассейніндегі экологиялық жағдай да жақсарып келеді», — деді Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының басшысы Серік Мейрамбеков.