ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДАҒЫ АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ: АҒЫМДАҒЫ ЖЫЛЫ 33 БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАСЫ САЛЫНАДЫ

5

Әл-Фараби ауданы – Шымкент қаласының қақ ортасында орналасқан әрі оның басты әкімшілік және мәдени тірегі саналады. Жалпы аумағы 19 880 гектарды құрайтын бұл аудан 234 857 тұрғынға мекен болып отыр. Аумағында 928 көпқабатты тұрғын үй мен 16 633 жеке үй бар. Сонымен қатар, мұнда 6 саябақ, 16 гүлзар, 20 ескерткіш пен 12 субұрқақ тұрғындардың тынығуына қолайлы жағдай жасайды.
Инфрақұрылым саласында аудан 100% ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамтылған. Бұл – орталық аудан мәртебесіне сай көрсеткіш.
2025 жылы аулаларды абаттандыру аясында 33 балалар ойын алаңшасын салу жоспарланып отыр. Оның ішінде Сәле шағынауданында кешенді спорт алаңы салынбақ. Жыл соңына дейін ойын және спорт алаңдарымен қамтылу деңгейі 83,5%-ға жетіп, 2026 жылы бұл көрсеткіш толық 100%-ға жеткізілмек.
Көше жарықтандыру жұмыстары да жүйелі қолға алынған. Аудан бойынша 390 көшенің барлығын жарықтандыру көзделуде. Қазірдің өзінде 76 негізгі және 69 тұйық көше бойынша жұмыстар жоспарға енген.
Жол құрылысы бағытында да ауқымды қадамдар жасалуда. 2025 жылы ұзындығы 15 шақырым болатын 25 көшеге жаңа асфальт төселеді, ал 21,78 шақырымды құрайтын 82 тұйық көше жөндеуден өтпек. Нәтижесінде аудан көшелерінің 100%-ы асфальтпен жабылады.