ҚЫРҒЫЗ ЭВЕРЕСІ ЖӘНЕ МӘҢГҮРТТЕНДІРУДІҢ ЕГЕУҚҰЙРЫҚТЫҚ ТӘСІЛІ
(Аға дос Ш. Айтматов туралы эсселер)
Кітап оқуға бала күнімнен құштармын. Өз басым кітапты дүниетанымымды кеңейту үшін оқимын. Жуырда ақын, жазушы М.Шахановтың «Қырғыз Эвересі және мәңгүрттендірудің егеуқұйрықтық тәсілі» атты кітабын оқып шықтым.
Қазақстанның халық жазушысы, Қырғызстанның халық ақыны, Түркі тілдес халықтар арасында ең үздік әлем ақыны атағының иегері М.Шахановтың бұл кітабында Ш.Айтматовтың жұрт біле бермейтін қырлары, оның өміріндегі қызықты оқиғалар, жазушының өз мүддесінен ел мүддесін биік қоя білетін азаматтық істері, өз араларында қалыптасқан достық пен бауырластық сезімдер негізінде суреттеледі. Бір кезде Ш.Айтматов әлемдік деңгейге алып шыққан мәңгүрттендіру мәселесін автор бүгінгі таңда осы саладағы әбден шегіне жеткен мәселелер ауқымында талдап, БҰҰна, ЮНЕСКО-ға саны аз ұлттар атынан орнықты талап қояды. Сондай-ақ кітапта жеке адамға табыну, жағымпаздану қасіреті жайлы, Президенттер М.Горбачев, Б.Ельцин, А.Ақаев, Г.Алиев, И.Каримов, әлемдегі ең үлкен байлардың бірі Д.Сорос, ақындар Е.Евтушенко, А.Вознесенский туралы ой толғамдар естеліктер орын алған. Шығарма осы замандық көкейтесті мәселелерді көтеру жағынан өзгеше қуатқа ие.
Мен кітапта ерекше атап өткім келетін жағдайлардың бірі:
1991 жыл. Мәскеуден Ш.Айтматов телефон соқты. (М.Шахановпен екеуара әңгімесінен)
— Құдай сақтады, -деді ол аман саулықтан соң. — Сәл болмағанда Қырғызстанның Президенті болып кете жаздадым. Қазат досың айтты ма?
— Иә айтты. Бүкіл Парламент бір жарым сағат бойы сіздің келісіміңізді күтіп тұрыпты. Мақұл дегеніңізде Қырғыз Республикасының Президенті болып шыға келер едіңіз. Бұл шешіміңізбен сіз әсіресе маған көп залал жасадыңыз, -дедім мен өкпелегендей дауысымды қатайтып.
-Неге? Қалай?-деді ол ештеңе түсінбей.
-Қалайша түсінбейсіз. Сіз мені қырғыз еліне барғанда Қырғыз Президентінің іні досымын деп шалқып жүру бақытынан айырдыңыз. Енді, қырғыз бен қазақта ғана емес бүкіл әлемде Сіз сияқты Президенттіктен нақ бір жылан көргендей үркіп, бойын ала қашатын адам табылмасы айқын-дедім бағзы әзілқойлығыма басып.
-Мүмкін. Бірақ әркім өзінің елдік, ұлттық, халықаралық мүмкіндігін есептеуі керек ғой-деді ол.
-Қайдағы мүмкіндікті айтасыз. Қазіргі көсемсымақтар арасында елдік, ұлттық рухани парасаттан жұрдай, тек қарын мүддесі үшін қызмет етіп жатқандар аз ба? Бәлкім сіз жиырмасыншы ғасырдың пендешіліктен ада, материалдық жеке мүдде қазанының күйесі жұқпаған ең таза президент болар едіңіз. Тым құрыса осы жағынан үлгі көрсетуіңіз әбден мүмкін еді. . .
-Жоқ , — сен бір мәселені есепке алмай отырсың-деді ол сабырмен. Қазіргі рухсызданған дәуір талабы басқаша мінез қалыптастырды. Ашқарақтанбаған, қанағатсызданбаған, ұлтсызданбаған және шындығы өтіріктенбеген адам толыққанды Президент бола алмайды.
Екеуара әңгіме шын мәнінде бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі.
М.РАМАНОВ,
«Серт» ауылдық кітапханасының оқырманы.