ЖЕР АСТЫ СУЛАРЫ — ҚОСЫМША ҚОР

513

— Оның сыртында жер асты суын пайдалану да қосымша көз емес пе?

— Иә, дұрыс айтасыз. Түркістан өңірінің астында үлкен су асты теңізі бар. Мен 1980 жылдары Майдантал совхозында партком болып қызмет істедім. Сонда жүзден астам құдық қазылды. Солардың бәрі қазір тоқтап тұр. Себебі, құдықты пайдалануда электр қуаты тым қымбатқа түседі. Тарифтері де қымбат. Соған жеңілдік жасалып, жер асты суларын пайдаланатын болсақ, диқандарымыздың мәселесі шешіледі. Бірақ, бұрын 30-40 метрден су шығатын. Қазір енді жер асты сулары да төмендеп бара жатыр.

 

— Оның сыртында тоғаннан келетін ағын суларды жеткізетін тасарықтар әбден тозған. Ол тасарықтарды қайта жаңаласақ, маңына су жайылмағандықтан көк те шықпай қалады. Елдің пайдаланып отырған ауыз суының деңгейі де түсіп кетеді. Мәселен, өзіңіз айтқан Қосқорған-Көлсай су тоспасын салып, тасарықтармен жүргізген соң, Түркістандағы жер асты суының деңгейі түсіп кетті. Оранғайдағы қиыршық тас зауытының үңгіп қазуынан жұрт зардап шегіп отыр.

— Бұрын да қазір де ағын сулардың 40 пайызы жер астына сіңеді. Сауран ауданында Иқан шекарасынан бермен қарай Қарашық ауылдық округі шекарасына дейін тастақ. Шорнаққа дейін де тастақ деуге болады. Содан мінеки судың елу пайызына дейін жерге сіңіп кете беретіні.

Қазір Арыс-Түркістан каналының 60 шақырым жерін бетондады. Сөйтіп, ол сулар жер астына сіңбейтін болды. Соның салдарынан 10-15 метрден шығатын құдық суы тереңдеді. 20-30 метр қазып алуға болады. Келіп тұрған суды ысырап етіп, жер астына жіберудің не қажеті бар? Егін жердің астында өспейді. Жердің бетінде өседі. Сондықтан, өзен көлдерден, тоғандардан келетін тасарықтарды бетондау керек. Кеңес Одағы кезінде үлкен зауыттар тасарықтар үшін бетон лотоктар құятын. Ол арықтарға төселетін. Қазір қалайда суды жер астына жібермеудің әрекетін жасау керек. Президент айтып өтті.

«Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет».

 

— Қазір Оранғай, Шаға, Майданталда жаңбырлатып, тамшылатып суару технологиялары өндіріске енгізіліп жатыр. Жаппай енгізуге бұл тым қымбат технология ма? Ондай болса, мемлекеттік тұрғыда субсидиямен, лизингпен алуға болмас па еді?

— Бұл жаңбырлатып, тамшылатып суару барынша суды үнемдеуге мүмкіндік әпереді. Бірақ электр қуатын көп қажет етеді. Бәрібір соған көшуіміз керек. Мәселен, Президентіміз: «Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет»,-деп отыр.

Шұғыл міндет болуы үшін мұны біз тез арада жасауымыз керек. «Жыл сайын 150 мың гектарға жаңа технология енгізуіміз керек» деп тапсырма беріп отыр.

Бұл жаңа технологияларды солтүстік облыстарға да қолдану қиын.

Ал, суармалы жерлердің дені оңтүстік облыстар. Оңтүстік облыстардағы шаруашылықтар мұндай технологияға күші жетпейтін майда. Ол үлкен қаражатты қажет ететін технология. Оны мемлекет қолдап, субсидия беріп жатыр. Бірақ, меніңше ол қолдау аз. Себебі, бұрын 25 пайыз болатын. Қазір кооперативтерге ғана жеңілдік 50 пайыз етілді. Ал, жеке шаруалар алса 25 пайыз жеңілдік жасалады. Мұны жеке шаруалар алуы керек деп ойлаймын. Мұның бірнеше түрлері бар. Үлкен гектарларға пайдалану. Мәселен елу гектардан жоғары жерді пайдаланатын болса, оған жаңбырлатып суару техникасы, одан төмендерге трактор керек. Меніңше, елу пайыз субсидияның өзі де аз. Ең кемі 70-80 пайыздық субсидия беруі керек деп есептеймін. Бұрындары шалғайдағы жайылымдарға құдық қазатындарға осындай мөлшерде субсидияны осыдан үш жыл бұрын беретін. Екі жылда шалғайдағы жайылымдарға құдықтар қазылды. Солай 80 пайыздық субсидия берілуі керек деп есептеймін. Бірақ, оның екінші жағы бар. Бізде осындай көлемде субсидия берсе, шашпашылыққа салынамыз. Оның артында қадағалау болмаса, әрине солай болады. Сол кезде электронды жүйемен беріліп, қадағалау болмады. Оны әрбір ауданның ауыл шаруашылық мамандары басына барып, орындалуын көзбен көруі тиіс еді. Олай болмады.

 

— Неліктен олай болмады? Мүмкін, бұл жерде сыбайлас жемқорлық тәуекелінің басы қылтиып тұрған жоқ па?

— Қазір өзіңіз ойлап қараңыз, облыста 75 мың шаруашылық бар. Оны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы жеті адам қайтіп бақылайды? Оны әр аудан ауыл шаруашылығы саласына қадағалау функциясын беріп қойса, олар түрлі шара қолданар еді.