СОЗАҚ АУДАНЫНДА БИЫЛ 80 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ІШКІ ЖОЛДАР ЖАҢАРТЫЛДЫ

Биыл ауданда ішкі жолдардың сапасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Аудандық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі екі есеге ұлғайып, нәтижесінде жалпы ұзындығы 66,4 шақырымды құрайтын ауылішілік көшелерге асфальт жабындысы және қиыршық тас төсеу жұмыстары жүзеге асырылды. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қосымша 14,2 шақырымды құрайтын 12 көше жаңғыртылып, толық асфальтталды. Бағдарлама шеңберінде салынған жолдар ауыл тұрғындарының күнделікті жүріп-тұруын жеңілдетіп отыр. Айта кетейік, өткен жылы ауданда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 25 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 26,1 шақырым жол жаңартылған болатын. Бұдан бөлек, аудандық бюджет есебінен жалпы ұзындығы 21,2 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт төселді. Ауданда жол сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасын табады.








