ТҮЛКІБАС: ӨНЕРКӘСІП АЛАҢЫНДА ЖИҺАЗ ЦЕХЫ МЕН ӨНДІРІС ОШАҚТАРЫ АШЫЛАДЫ

28

Түлкібас ауданында өңір экономикасына тың серпін беретін ауқымды жобалар саны артып келеді. Бүгінгі таңда аудан орталығы Т.Рысқұлов және Балықты ауылдық округіндегі шағын өнеркәсіптік аймақтардағы жұмыс қарқыны күшейген. Онда өз кәсібін бастау мақсатында 6 кәсіпкер құжат тапсырып, бүгінде іргетасын қалау жұмыстары басталған. Арнайы аймақта жиһаз цехы мен шағын өндіріс ошақтары шоғырланбақ. Қазіргі уақытта кәсіпкерлерге әкімдік тарапынан құрылыс жүргізуге қажетті инфрақұрылым жүргізілген. Атқарылып жатқан жұмыстармен аудан әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев арнайы танысып, жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар берді. Балықты ауылдық округінде 10 гектар жерде шағын мал шаруашылығы кластерін дамыту жоспарлануда. Яғни, қызығушылық танытқан 10 кәсіпкер ет бағытындағы төрт түлікті бордақылауды қолға алмақ. Қазіргі таңда жол салынып, электр энергиясын жеткізу мақсатында трансформатор мен бағаналар орнатылған.

Сондай-ақ, Асқар Сұлтанұлы бастаған топ Бақыбек мөлтек ауданындағы 100 орындық және Ынтымақ ауылындағы 200 орындық мәдениет үйі мен Састөбе кентіндегі екі қабатты 48 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Онда аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне нысандарды сапалы әрі уақытылы аяқталуын тапсырды.