САЙРАМДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА 200-ДЕН АСА КӨШЕГЕ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
«Таза Қазақстан» акциясының «Таза өлке» апталығы аясында аудан әкімдігі аппараты, дербес бөлімдер, ауылдық округтер мен аудан аумағындағы барлық мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары жаппай сенбілікке атсалысты. Тазалық жұмыстарының барысын аудан әкімі Арман Сәбитов өзі қадағалап, бақылауға алды.
Бірлігі бекем қызметкерлер мен аудан тұрғындары құрал-жабдықтарымен келіп, тазалық жұмыстарына жұмыла кірісті. Сенбілік барысында 212 көшенің бойы мен 42, 6 шақырым аяқжол, 3,3 шақырым арық-атыздар шөп-шаламдардан, күл-қоқыстан тазарды. Сондай-ақ 21,4 шақырым өзен, каналдар мен бұлақтардың арналарын тазартылып, реттелді.
Тұрғындар 11 саябақ пен скверді, 10 балалар және спорт алаңшасын, 6 аялдаманы ретке келтірді. 65 үйдің қасбетін әктеп, 22 көпқабатты үйлер маңындағы аумақтар мен аулаларды, жертөлелер мен кіре берістерді жинады. Және жол белгілері орнатылған 12 көшені сырлады. Бұдан бөлек, 1800 ағаш көшетін отырғызып, 2600 ағаш түбін әктеп, санитарлық тазалау жұмыстарын жандандырды.
Айта кетейік, тазалық науқаны аясында 3800 адам аудан ажарының ашылуына белсене атсалысты. Ал 32 техниканың көмегімен 72,6 тонна қоқыс қалдықтары шығарылды.