АЛТЫН ҚОЛДЫ АКАДЕМИК АЛИЕВ

185

Ол қоңырқай жасыл түсті көзімен тіктеп қараған адамын абдырата алатын сұсты кісі болғанымен, жаны жұмсақ, жүрегі мейірімге толы жақсы адам еді. Бес жасында анасынан айырылып, әке тәрбиесінде қалған ол өте өжет болып өсті. «Төменарық» деп аталатын станцияның бойында теміржол қараушысының отбасында дүниеге келген Мұхтар ағаның балалық шағы қазақ елінің тарихында зұлмат жылдар деп аталатын ауыр кезеңмен қатар келді. Жетімдіктің ғана емес, аштықтың азабын бір кісідей тартқан болашақ академиктің мықты болмауға хақысы да жоқ еді.

Орта мектепті тәмамдаған 1949 жылы Түркістан қаласында орналасқан мұғалімдер даярлайтын училищеге оқуға түседі де, оны 1950 жылы бітіріп, қазіргі Отырар ауданындағы Темір ауылына орта мектепке мұғалім болып орналасады. Ағартушылықпен айналыса жүріп, осы бағытта мақалалар жазған Мұхтар аға әуелде журналист болуды армандапты. Осы мақсатпен 1951 жылы Алматыдағы сол кездегі Қазақ мемлекеттік университетіне құжат тапсырады. Бірақ, 25 тамызда әңгімелесуге қайта келесің дегенді естіп, «егер түсе алмасам, қайта ауылға барып, мұғалім болам ба?» деп, құжаттарының барлығын қайта алып, Алматы мемлекеттік дәрігерлер институтына тапсырады. Журналист болам деп келген Мұхтар ағаның көңіл түкпірінде жатқан дәрігер мамандығына деген құштарлық оны осылай медицинаға алып келеді. Ауыл мектебін бітірген, екі жыл педагогика саласында жүрген ол алғашында химия пәнінен аздап қиналған көрінеді. Бірақ, білімге құштар жас тұстастарының алды болып, 1957 жылы туған ауылына бас дәрігер және хирург болып оралады. Бір жыл жұмыс істеп, Алматыға қайта оралған Мұхтар аға оқуын ары қарай жалғастырып, дәрігерлік институттың клиникалық ординаторына қабылданады.

1961 жылы Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкерінен басталған еңбек жолы өсу мен өрлеуге құрылған:  Алматы медицина институты кафедрасының аспиранты, ассистенті, Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтының доценті, кафедра меңгерушісі, Алматы медицина институты кафедрасының меңгерушісі, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас хирургі, клиникалық және эксперименттік хирургия ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі, А.Н. Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Халықаралық медицина ғылымдары академиясының (Брюссель, Бельгия) негізін қалап, оның тұңғыш президенті болды.

Білім мен ғылым жолы Мұхтар ағаны ассистенттіктен академикке дейін көтерді. Кандидаттық, докторлық диссертациялары медицина ғылымында жаңалық болып енген оның артында қалған мұрасы – ғылыми еңбегі ұшан-теңіз!  Мұхтар Әлиевтің жетекшілігімен 70 докторлық, 83 кандидаттық диссертацияның қорғалуының өзі оның үлкен мектеп қалыптастыра білгенін айқындаса керек.

970 ғылыми еңбектің, оның ішінде 59 монографияның авторы М.Әлиевтің 155 авторлық куәлігі бар. Шәкірттері саналатын хирургия ғылыми орталығының 18 қызметкерінің Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты атанғаны да үлкен жетістік.

1989 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі, 1995 жылы Қазақстан Республикасы Медицина ғылымдары академиясының президенті және негізін қалаушы, 1995 жылы Қазақстанның Халық қаһарманы, халықаралық хирургтар қауымдастығының мүшесі болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 10-12-ші шақырылымының депутаты атанды.

Мұхтар Әлиев – Қазақстан медицинасын торакальды, абдоминальды, жүрек-қан тамырлары, эндоскопиялық хирургия, микрохирургия және трансплантация саласында айтарлықтай дамытқан бірегей тұлға. Оның басшылығымен лазердің көмегімен бауыр эхинококкозын хирургиялық емдеудің түбегейлі жаңа әдісі жасалды. М.Әлиев жүректің ишемиялық ауруы кезінде 50-ден астам аортокоронарлық шунттауды жасады. Республикада бірінші рет Әлиев өт қабын, аналық без жылауық, бүйрек үсті безін, өкпені эндоскопиялық жолмен алып тастау операцияларын жасады. М.Әлиевтің бастамасымен республикалық органдарды трансплантациялау орталығы ұйымдастырылды. Өкпенің, өңештің және басқа органдардың созылмалы ауруларын емдеу әдістерін әзірлегені үшін ғалымдар тобымен бірге 1989 жылы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығына ие болған.

Мыңдаған жанға шапағаты тиген алтын қолды академик 13 мыңнан астам операция жасаған екен. Бұл 13 мың адамның тағдыры. Оның бойына біткен табиғи дарыны еліміздің медицина саласын талай биіктерге көтеріп, сан мәрте жаңалықтармен толықтырған.

Мұхтар Әлиев – Қазақстан мен Орта Азия аймағында алғаш рет балаларға бүйрек, бауыр алмастыру (трансплантация), операцияларын жүргізген алып азамат. Сондай-ақ, ол өт жолы мен аналық без ісігіне, соқыр ішекке эндоскопиялық әдісті ойдағыдай қолдана білген, бұған қоса қан тамырларына жасалатын операцияларды барынша жетілдіре отырып, оны хирургиялық тәжірибеге енгізген білгір ғалым.

Академиктің еңбектерінің арасында ұйқы безіне аутотрансплантация жасау, бүйрек пен арықша бездерге, лапараскопия әдісін қолдану жұмыстары ерекше орын алады. Сондай-ақ ол Қазақстанда алғаш рет қолқа мен тәждік (коронарлық) артерияларды жалғастыру операциясын жасаған.

Ол туралы әріптестері мен замандастары әрдайым жақсылыққа ұмтылған жақсы адам дегенді айтады. Ол бекер емес. Себебі, Мұхтар ағаның өмірлік қағидасы, өмір сүру кредосы – жақсылық жасау болатын. «Мен медицинаны таңдадым, өйткені,  ол адамдарға жақсылық әкелетін сала. Мейірімділік болмаса, жер бетінде тыныштық та болмайды. Менің философиям  – жақсылық жасауға асығыңыз!». Бұл – Мұхтар аға жиі айтатын, жиі қайталайтын сөз болатын.

Талай жанның көкірегіндегі сөніп бара жатқан үміт сәулесін қайта жағып, шаңырақтарға шаттық, қуаныш сыйлаған үлкен жүректің тоқтағанына да жеті жылдан асып барады. Мейірім мен ізгіліктің, жақсылық  пен жаңашылдықтың жаршысы болған Мұхтар аға көзі тірі болса, 90 жасқа толған мерейтойын халқымен бірге атап өтіп, төбедей болып төрде отырар еді. Алланың ісіне амал бар ма?! Ендігісі – құран бағыштап, ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын деп, дұға ету ғана.

Алтын қолды академик ағамыздың қазағына жасаған барлық игі істері оның есімін әркез биіктетіп, ал уақыт мырза оны тарихи тұлға ретінде ұлықтай беретіні анық. Себебі,  академик Мұхтар Әлиев – ғасырда бір туатын алтын қолды, Құдайдың өзі сыйға тартқан тамаша хирург дәрігер болатын.

Халқы асыл ұлын әркез сағынышпен, мақтанышпен еске алады. Келесі бір Мұхтар Әлиевтің дүниеге келер ғажайып сәтті асыға күтеді…

«ARA-ақпарат»