Әселхан Қалыбекованың Мұхтар  Әлиевке Арнауы

442

Халық ақыны Әселхан Қалыбекованың

Шәуілдерде мешіттің ашылу салтанатында

демеушілік еткен Мұхтар  Әлиевке

Арнауы

Шауып, шауып адасқан тай секілді,

Жиып алдым шалдыққан қайта есімді.

Жібек жолдан жарық етті жаңа мешіт.

Қара бұлтты қақ жарған ай секілді.

Ұлтым үшін сөз емес ұсақ қайғы,

Бай күнәсін баянды іс ақтайды.

Жетпістегі перзентін күтіп отырар,

Жетідегі баладай құшақтайды.

Кім ойласын өзіңдей отан қамын,

Өміріңнің бұл түрлі ашар мәнін.

Денін емдеп халқыңның сауықтырып,

Жан емдеуге көштің бе,

Қаһарманым!

Үлгі болар өрнегің ұлықтарға,

Жұрт жүрегін не жетсін жылытқанға.

Әсте, әсте әлемге аңыз болған,

Мешіт салған жоқ шығар Ұлықпан да,

Паналайды бәйшешек қар бауырын,

Қарсы шығар адалға қанды ауыруың,

Бұл жалғанның бұрылмай бықсығына,

Жарық іздеп жылжыған жан бауырым.

Келешекке керемет қалды мұра,

Сабыр қылдың сынақтың тарлығына.

Мешіт емес, базар сап байпаңдар ең,

Шек келтірсең

Алланың барлығына,

Кемелденді қасиет бойыңдағы.

Орындалды парызың ойыңдағы.

Әл-Фараби бабаңды мойындаған,

Бүкіл әлем сізді де, мойындады.

Пенде өтер ойылған інге кірер,

Жақсылығы жойылмай

ілгерілер,

Ай мешіттің ай-күні жаңарғанда,

Мұхтар деген есімің бірге жүрер,

Көкбөрідей жүректен шет бұзарда,

Тырнағынан нәр тамды дертті жанға,

Отырарым тілеулес һәм бақытты.

Тұғырында өзіңдей текті барда.

 

Жақсылық Досқалиев, медицина

ғылымдарының докторы, профессор.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

 

Мұхтар аға – аңыз адам!

 

  • «Тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі» деген аталы сөз бар. Мұхтар ағамен алғаш рет қалай таныстыңыз?

– Ол кісімен алғаш рет 1990- жылы желтоқсан айында таныстым. Қалай дейсіз бе?  Орта Азия хирургтерінің Қазақстандағы сьезіне қатыстым. Жас дәрігермін. Медицина ғылымдарының кандидаттығын Москвада қорғап келген кезім. Ашқан жаңалығым – ұйқы безін ауыстыру. Ақтөбеде жұмыс істеймін. Совет өкіметі тараудың аз-ақ алдында тұрған кез. Бәрі құлдырап, кризиске кіріп жатыр. Хирургтер сьезінен кейін Сызғанов институтының директоры Мұхтар Әлиұлына сұранып кабинетіне кірдім. Идеямды айттым. «Ұйқы безін трансплантациялау. Қалай көресіз?»,– дедім. Ол кісі мақұлдады. «Бұл керемет нәрсе, мұны жасау керек. Бірақ мұны қалай жасайсың?» деді. «Қалай жасау керек екенін сізден сұрауға келдім»,– дедім. «Ақтөбеден бізге, Сызғанов институнтына ауыс. Аға ғылыми қызметкер боласың. Бірақ, үй мәселесін өзің шеш. Ал, жұмыс жағына ойланбай-ақ қой» деді. Қатты қуандым. Ақтөбедегі үш бөлмелі үйімді Алматыдағы екі бөлмелі пәтерге ауыстырдым. Ағаға бардым. Ауысып келгенімді айтып ем: «Ыждағатты екенсің ғой»,– деп, жылы қабылдады. Воронов деген орынбасарын шақырып алып, сол кездегі тәртіп бойынша бос орынға жариялаған байқауға қатыстым. Бағым жанып институттың аға ғылыми қызметкері боп шыға келдім. Мұхтар аға:  – «Құттықтаймын! Жұмысқа кіріс»,–деді де: «Егер біз ұйқы безін ауыстыру тәжірибесін сәтті жасасақ, жетістікке жетіп, әлемдегі жетінші ел боламыз. Жапониядан кейінгі орында тұрамыз. Сондықтан сен бәріне мұқият қара»,–деп тапсырма берді.

Ол кезде Мұхтар Әлиұлының лабораториясындай лаборатория Москваның өзінде жоқ болатын. Операцияға қажетті барлық аппарат, құрал-жабдық бар. Бір жарым жылдай иттерге тәжірибе жасап, нәтижесін көрсетіп ем, көкемнің төбесі көкке екі елі жетпей, қатты қуанды.

–Көп адамдар елдің көңілін аулағаннан гөрі көлдің балығын аулағанды құп көретіні рас. Ағамыз ақ жүрегін ақтарып,  қай нәрсеге қуанатын?

– Шәкірттерінің жетістігіне шын қуана білетін Мұхаң ұлы ұстаз адам ғой. Бабалардың айтқан нәсияты бар.

Дүрмегін тартып алсаң да,

Жүрегін тартып алмассың.

Жарығын тартып алсаң да,

Кәсібін тартып алмассың.

Барлығын тартып алсаң да,

Тағдырын тартып алмассың.

Мұхаң –аса дарынды жан. Алла тағала кәсібін молынан шашқан берекелі адам. Өйткені, ол – тұлға! Үлкен тұлға! Кейін әлгі тәжірибемізді Мұхаңмен бірге оншақты адамға жасадық. Өте сәтті шықты. Нәтижесі жоғары болды. Көкемнің көрегендігіне таң қалмасқа амал жоқ. Әлемдік реестірден өткізіп, ашқан жаңалығымызды тіркеттік. Сөйтіп, біз, бұл сала бойынша әлемдегі жетінші мемлекет атандық.

Мұхтар ағаға тағы бір таң қалатыным – операция жасағандағы шеберлігі. Сосын батылдығы. Өте батыл. Тіпті шаршау дегенді білмейді. Бір мезгілде төрт-бес операция жасайды. Уақытты өте ұтымды пайдалана біледі. Күнде түстен кейін сағат төрттен жетіге дейін институттың спорт залында футбол ойнаймыз. Одан кейін моншада ыстық буға бусанып отырып, сыпыртқымен өзін-өзі сабалағанда… оған біз шыдамаймыз. Ол кісі күймей ме, білмеймін, шыдамды. Өте шыдамды. Күндегі әдеті осы. Режимін бұзбайды. Кешкілік үйге қайтамыз. Ертеңіне түске дейін операция. Ғылыми жұмыс. Түстен кейін өзіңді-өзің шынықтыру. Күнде осы. Мұхаңның қасында жүріп сегіз жылымның қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппын. Қандай ғажап күндер! Қаншама тәлім, қаншама тәрбие алдым! Мұхаңның жетекшілігімен докторлық дисертация қорғадым. Профессор атандым. Сол жылдары азаматтық өмірді көрдім.

–Мұхтар ағаның заманында үлкен мінбеден «соңғы кездері елге, жерге, руға бөліну белең ала бастады» деген сыни сөздер айтыла бастағанын білеміз. Осы орайда ағаның бойынан қандай қасиет байқадыңыз?

– Соңғы кездері руға бөлініп, жершілдік деген пәле белең ала бастады ғой. Ол уақытта ондай «ауру» атымен жоқ болатын. Мұхаң кімсің, қай жерденсің деп сұрамайтын. Қолыңнан іс келе ме,  болды,  арқаңнан қағып алға сүйрейтін. Мысалы, мен –Ақтөбеден, Шәкір Жораев Қызылордадан, мықты кардиохирург Азат Ташболатов –Шымкенттен, Манас Сейсентаев– Семейден, Ғалымжан Рахышев– Целиноградтан… әр маман әр жерден.

–Өз ащы терін өзінің арқасында кептіріп өмір сүргендер некен-саяқ. Өмірін еңбектеумен аяқтаған бір адам болса, Мұхаң шығар. Жанында көп жүрдіңіз, жұмыстан тыс уақытта да араластыңыз ба?

–Бір жұмыс бітті ме, соған тоғайып тоқтамайтын. Шаршап-шалдығу жоқ. Сенбі, жексенбі күндері бізді тауға алып кететін. Қолында таяғы бар, бір биік шоқыға шығып, етекте ентігіп қалған біздерге ысқырады. Өліп-өшіп жете бергенде әрі қарай кетеді. Ол ештеңе емес, қысты күні таудан аққан тастай суық суға күмп беріп шомылады. Суық тиіп қалмасын деп иығына орамал жапсам: «Не надо!»– деп кері қайтарады. Шала-шарпы сүртініп, киімін киеді де: «Пошли!» –дейді. Бітті. Әр демалысы осындай. Бәрімізді спортсмен қып шығарды. Шынықсаң шымыр болатынымызды сездік. Бір-бірімізбен ағайындай араласып, тату-тәтті дос, жол білетін жора-жолдас болуды үйрендік.

Мұхаңның бір ерекшелігі – Қазақстанға жаңа технологияны енгізуді жақсы көретін. Біздің институтқа ғана емес, бүкіл Қазақстанды қамту үшін барын салып ұмтылатын. Мысалы, лапароскопия дейтін тәсілді  ауруды кеспей, тесік арқылы операция жасауды ең бірінші енгізді. Ол– өте күрделі операция. Оны шебердің шебері ғана жасай алады. Мұхаң– шебер! Шебердің шебері. Осы операцияны меңгеріп, игеру үшін, үйрену үшін екі-үш маманды Америкаға жіберді. Не үшін? Одан бері отыз жылдан асты. Қазір ойласам Қазақстанның болашағы үшін қам жеген, еліміздің келешегін пайымдаған кемеңгерлігі екен ғой. Әр облыстың әкімдеріне телефон шалып, осы операцияға қажетті құрал-жабдықтарды шетелден алдыртып, ауруханаларға қойғызды. Көзін таппағандарға көмектесті. Тіпті өзінің аппаратын Қызылордаға апарып бергенін білем.

  –Ел ішінде жүріп елегізитін, халық ішінде жүріп құлазитын заманда сәл де болса саябырсыған мінезін сездіңіз бе?

–Мұхтар аға– тәуекелдің адамы. «Тәуекел түбі –желқайық, өтесін де кетесің»,– дейді ғой халық. Талай тәуекеліне куәмін. Бір күні Атырауға бардық. Облыс әкімі Равиль Шардабаев еді. Олар да осы аппаратты алған Бір қызығы Мұхаң қайда баратынымызды алдын ала екі-үш күн бұрын ескертпейді. Аяқ астынан: «Собирайся! Полетели!»– дейді. «Қайда?» –деп сұрай алмаймыз. Қоржын -қопсығымды тез-тез жинастырып аламыз да, ілесіп жүре береміз.

Атырауда ауырып жатқан адамға тесік арқылы операция жасап, өтін алып тастауымыз керек екен. Ішіне аппаратымызды сүнгітіп, әрі қараймыз, –  бері қараймыз – өті көрінбейді. Үш жарым сағаттай ішек-қарынын әрі-бері аударып әбден қара терге түстік. Өті қайда?! Жоқ. Таба алмадық. Бір кезде Мұхаң :«Че мы будем ковыряться?»– деді де жарты қарыстай тіліп, ішіне қол салды. Әп-сәтте саусақтарымен шымшып, өтті алып шықты. Бәріміз аң-таң! Қасымдағылар: «Немене, саусағының көзі бар ма?» –деп таңырқасты. Қандай дарын! Алланың берген құдыреті ғой. Кейін: «Қай жерден тауып алдыңыз?» десем, «Бауырының астынан», дейді. Ауру адам айығып кетті.

Бір күні Өзбекстаннан хирургия институтының директоры Вахидов телефон шалды. Ол да академик, өз елінде белгілі маман. «Мұхтар Әлиевич, біз де сіздердікіндей аппарат алып едік. Соны бізге кеп үйретіп қайтсаңыз қайтеді?» деп өтінсе керек. Шамалауымша, жарайды деп келіскен-ау…Табан астында: «Кеттік»– деді. Жаспын ғой, «Қайда?» деппін. Ол кісі маған: «Кеттік!» дегенде «Қайда» деп сұрама, «Қашан?» деп айт! Бұдан былай солай сөйле!» деді. Көп сөзді ұнатпайды ғой. Тез жиналып Шымкент арқылы Ташкентке бардық. Барған ауруымыз бұдан бұрын да бір рет операцияға түскен екен. Сірә, Мұхаңды жасай ала ма, жасай алмай ма деп сынап шақырса керек. Ағаның алақаны шипа, тәжірибесі мықты ғой, кішкентай саңлауға аппаратын сұқты да, өтті тауып алып, сыртқа алып шықты. Өзбектердің бәрі: «Ака, ака!» –деп ризашылықпен бас изеп жатыр.

Одан кейін Қырғызстанның нөмір бірінші хирургы Мамакеев шақырды. Бардық. Науқас адамның өті іріп кеткен, жарылудың аз-ақ алдында. Ондай операцияны екінің бірі жасай алмайды. «Мұқа, мүмкін ашармыз!» деп ем, үн-түнсіз кірісіп кетті. Жасады. Сәтті жасап шықты. Қырғыздардың бәрі мәз болды.

Ұйқы безін ауыстыру жөнінде тәжірибеден өту үшін мені және бір маманды Германияға жіберді. Үйреніп қайттық. Ол кісі сол операцияны кешкі сағат жетіден таңғы сағат сегізге дейін жасап шықты. Қасында жүріп қалғып кете жаздадық. Мұхаң ше? Өзін-өзі ұмытып кеткен. Бар зейіні сырқат адамда. Қалайда ажалдан аман алып қалу керек. Ұйқы, шаршауды ұмытқан. Өлген адамның бауырын ауру адамның бауырына салу үшін жарты тәулік екі аяғынан тік тұрды. Қандай төзімділік! Міне, бейнет! Міне, өз мамандығына адалдық!

Күндердің күнінде жаңа жыл қарсаңында «кеттік!» деді. Ақтауға баратын болып, Алматы әуежайына келдік. Еліміз егемендік алып, етек-жеңін жия алмай жатқан шақ. Самолет ұшпайтын боп қалды. Бензин жоқ па, сондай бірдеңе. Киевке ұшатын самолет бар екен, Мұхаң соны біз білмейтін басшылармен телефон арқылы келісіп, Ақтауға қондырды. Бізбен бірге бала-шағасы бар он шақты жолаушыны сол самолетпен Маңғыстауға алып келді. Бірақ олар Мұхаңның арқасында елге есен-аман жеткенін білген де жоқ. Қандай сауапты іс! Жақсылық жасадым деп ишара да білдірген жоқ. Мақтанбайтын. Жалпы мақтанып, марқайып жүруге жаны қас болатын.

Операция жасады. Сәтті өтті. Бір адамды ажалдан арашалап қалды. Неткен бақыт! Қайтайын десек, Алматыға ұшақ жоқ. Енді не істейміз? Қонақ үйде бірге жатқан генерал Зәкиевпен сөйлесті де маған «Тез жинал!  Кеттік!» –деді. «Қайда?» деп сұрай алмаймыз. Ақтаудың әуежайына кеп, ЯК-40 ұшағына жайғасып, Ақтауға қондық. Онда облыс әкімі Равиль Шырдабаев күтіп алып, қақаған қыста қалың мұзды ойып, балық аулауға апарды. Ана жерде генерал, мына жерде Мұхаң, одан кейінгі ойықта мен тұрмын. Үшеуміздің қолымызда бір-бір қармақ. Қызығын қараңыз, генерал екеуміздің қармағымызға бір балық түссе, Мұхаңның қармағына үш балық, төрт балық қабады. Әлгінде айттым ғой, Мұхаң несібесі мол адам. «Кәсібін тартып алсаң да, нәсібін тартып ала алмассың» деген осы.

Әлгі генерал өз жұмысымен Маңғыстауға іс сапармен келген екен. Өз ұшағы өзінде. Әскери адам. Сол ұшақпен ертесіне Борандайға қонып, жаңа жылды өз үйімізде қарсы алдық. Адам айтса нанғысыз, міне, Құдайдың Мұхаңа берген несібесі! Қаншама адамға жасаған жақсылығын Алла тағала ескеріп, жолын ашып тұрған шығар…

Соның бір парасы – Мұхтар аға менің білуімше кем дегенде елу адамның еңбегіне жетекшілік етіп, докторлық диссертация қорғатты. Ал, кандидаттық диссертацияның есебі жоқ. Қазақстаннан бөлек Ресей, Өзбекстан, Украина тіпті, шетелден Нигерия, Палестина ғалымдарына жетекші боп, докторлық диссертация қорғауына қолғабыс жасағанын білем. Мұхаң –шын мәнінде еңбек ері ғана емес, қаһарман! Батыл, әділ!

   –Бір халықтан шыққанның бәрі бір қалыптан шыққан емес. Кім шекесі жылтырап шенеунік болмай жатыр? Әрқайсысының шама-шарқы әрқилы. Мұхаң да денсаулық министрі болды. Ашқан жаңалығы мен артында қалған ізі қандай? Кейінгі ұрпақ біле жүрсін, тілге тиек етсеңіз…

– Мұхтар ағам бес жылдай денсаулық министрі боп істегенде ең бірінші ауыл дәрігерлеріне жағдай жасады. Екінші хирургия орталығын сосын бала мен ана орталығын ашты. Ол кезде жас балалардың өлімі көп еді. Соған қарсы күресудің түрлі іс-шаралары мен ем-домының көзін көрсетті. Осы кезге дейін бүгінгі медицина Мұхаңның сол көрсеткен жолымен жүріп келеді. Мұхаңның бір қағидасы – байлыққа, дүниеге қызықпайтын. Мысалы, алдына аттың басындай алтын мен медицинаның бір құралын қойыңызшы. Алтынға қарамайды. Алтыннан аспапты артық көреді. Неге? Өйткені ол аспап адамды ажалдан арашалап қалуға септігін тигізетін құрал ғой. Әйтеке бидің артындағы ұрпағына айтып кеткен сөзі бар.

Бақ дегенің құс

Қонады да кетеді.

Тақ дегенің түс,

Кіреді де кетеді.

Байлық дегенің мұз,

Ериді де кетеді.

Мәңгілік қалатын адал іс!

Мұхтар Әлиевтің ісі–мәңгілік қалатын ісі. Ол өмірді өзінің жүрегінен, сана-сезімінен өткізген секілді көрінеді маған. Бізді де қызылды — жасылды дүниеге қызықпауға, қызғанбауға үйретті. Адам болғасын пендешілік қала ма, арамызға от салғандар да болды. Араға шайтандар кіреді ғой. Шайтанның жұмысы не? Шағыстыру. Сондай әңгімелерді естігеннен кейін Мұхаңа бардым. «Сіз – ұстазсыз, мен – шәкіртіңізбін. Басымды кесіп алсаңыз да хақыңыз бар. Анау-мынаудың сөзіне ермей-ақ қойыңызшы» дедім. Сол кезде басын шайқап, күлді. Ештеңе деген де жоқ. Тағы айттым. «Менің істеген  жұмыстарымның барлығы–сіздің идеяныз. Мен сіздің идеяңыздың жүзеге асыру үшін жүргіріп жүрмін. Тоқтат десеңіз, қазір тоқтатам!  Шабам десеңіз, міне, басым!»–дедім. Сәл үнсіздіктен кейін: «Тоқтатайын ба?»–деп қайта сұрадым. Ол кісі: «Тоқтатпа! Дальше занимайся!»– деді. Жүзіміз жарық боп, жарасып, кеттік. Шайтан деген пәле ғой, шақшадай басыңды шарадай қылады.

     –Әдетте басшылар қарамағындағылардың бәрін қатар басынан сипай бермейді ғой.

Мені баласындай көрді. Қарапайымдылығы сондай саяжайына барғанда жерді өзі қазады. Ертіп барған жігіттерге: «Мұхаңа қалай жер қазғызып қоямыз, ұят емес пе?» –деп, күректі қолға аламыз. Күзді күні жеміс піскенде өзі, жеміс ағашының басына алмұрт лақтырады. Жерге түсірмей қағып аламыз. «Бала-шағаға апарып беріңдер»,– деп, машинамызды алма мен алмұртқа толтырады. Бізді емес, бала-шағаны ойлап тұр. «Бөлісіп жеңдер!» деген ішкі тәлімін айтқызбай-ақ түсінеміз. Мүнира жеңгейдің де дастарханы мол, қолы ашық.

     Республика көлемінде неше түрлі жиындар мен ғылыми конференцияға Мұхаңмен бірге қатыстыңыз. Жас кезіңіз. Ағаның көзін ала беріп, серілік құрып серуендеген кездеріңіз болды ма?

Басқа қалада өтетін ғылыми конференцияға жеті-сегіз шәкіртін ертіп барады. Жаспыз. Жиыннан соң қалаға шығып, былай-былай қыдырғымыз  келеді. Кейде сол қаладағы жора-жолдас, тамыр-таныстарымыз қонаққа шақырады. Бара алмаймыз. Мұхаң жібермейді. Аттатқызбайды. Сөйтсек бұлар қарап жүрмей,  бірдеңеге ұрынып қалар деп, біздің қамымызды ойлайды екен ғой. Қай қалаға барсақ та жіптіктей боп барып, жіптіктей боп қайтамыз. Шашау шығармайды. Дүниеден озар шағында телефон арқылы туған күнімен құттықтадым. «Аға, біз сізді ұмытпаймыз. Бүгін туған күніңіз. Құттықтаймын!» –деп ем, орысшалап: «Это твоя порядочность! Не каждый это помнить»,– деп ризашылығын білдірді.

Адам айнымау керек қой. Бір жігітті білем. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Мұхтар Шахановтың тілімен айтқанда, нағыз жағымпаз, туфли жалағыш. Мұхаңның табанын жалап, табалдырығында ұйықтайтын. Оны ағамыз ректор жасады, Парламент партасына отырғызды. Күндердің күнінде көкеміз «үлкен құдасымен» кетіскенде әлгі жігіт: «Кто против Президента, это мой враг!» –деп атойлап шыға келді. Аяқ астынан айныды. Сондайларды көрсем, қаным қайнайды. Мұхаң сабырлы адам еді ғой, өте сабырлы. Оған «Әй, мынауың не?» демеді ғой.

Тұлғаның аты–тұлға! Бабаларымыз былай дейді…Мұхаңды меңзеп тұрғандай.

Жақсылар жақсымын деп айта алмайды.

   Жамандар жақсымын деп айқайлайды.

   Жүрген соң бауырында күнде көріп,

   Таулардың биіктігі байқалмайды.

Фариза Оңғарсынованың жігіттерге айтқан өлеңі бар.

Асау ғасыр болады үгіп дедім,

Бара жатса сөнерме-ей үміттерім.

Мен тілеймін күңкіл мен ұсақтықтан

Сақтағай деп қазақтың жігіттерін!

Ұсақ-түйек күнкіл-сүңкілден ада, біреуді сыртынан ғайбаттамайтын ғажап кісі кім десе, ең бірінші Мұхтар ағаны айтар едім.

       –Бір сөзіңізде вальс королі ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовпен жас кезінде жақсы араласқан деп қалдыңыз ғой…

–Иә, Мұқаң мединститутты бітіргеннен кейін Шәмшінің туған ауылы Қарақоңырға барып дәрігер боп істейді. Шәмші сол ауылдағы клубтың меңгерушісі екен. Оның жұмысы–күнделікті кино қою, ара-тұра ауыл жастарының басын қосып, би ұйымдастыру. Болды. Бар жұмысы сол. Екеуі дос, замандас, сырлас. Бір ауылдың тепсе темір үзетін жігіттері. Мұқаңның әңгімесі есімде. Бір күні Шәмші келді дейді. Бір қолында дорба, бір қолында мондолина. «Мұхтар, мен ауылда болмаймын, жол жүріп бара жатырмын. Клубтың кілтін саған тапсырып кетем. Би ме, кино ма… бола калса, өзің клубты ашып беріп, бас-көз бола тұр. Көп ұзамаймын, келем»,–депті

Сол кеткеннен жоқ. Ұшты-күйлі жоқ, бір апта өтеді-жоқ, екі апта өтеді-жоқ, бір ай өтеді-жоқ. Қайда жүргенін сұрайын десе, ол кезде қазіргідей телефон жоқ, қайда кеткені белгісіз. Үйіне барып әке-шешесінен «Шәмші қайда? Хат жаза ма?» деп сұраймын дейді. Олар да баласынынң қайда жүргенінен хабарсыз. Бір күні Шәмші келді дейді. «Шырағым, қайда жүрсің? Екі айдай глав врач та болдым, завклуб та болдым. Екі қызметті қатар атқарым» десе, жәй» ғана жымиып күледі екен. «Ой, Мұхтар досым, біз ән шығару үшін қайда бармаймыз, тауды да кеземіз, тасты да кеземіз, бетімізді сүйдіріп суға да сүңгиміз, табанымызды күйдіріп құмды да кешеміз. Ән үшін әр жақта жүреміз»,– дейді екен. Мандолинасын шертіп, Тұманбай Молдағалиев секілді жас ақындардың жазған өлеңіне үңіліп ыңылдайды да отырады дейді. Бота тірсек бозбаланың ұлы композитор болатынын қайдан білейін. Қазір ойласам алысқа шаба алмай тұсауды аттай боп жүрген Шәмшінің тұа сауын шешіп, жағдай жасаған екен. Оны кейін аңғардым»,– дейді.

-Мұханның қадір-қасиетін айғақтай түсетін жәйттерге аз-кем тоқталыңызшы.

-Ол кісі отбасы, ошақ қасына емес, қазақтың маңдайына біткен бірегей адам. «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек. Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Жаратылысы бөлек, текті тұлға!

Отыз жылдай бұрын бір адамға ота жасау үшін Ақтөбеге бардық. Бәрі біткесін: «Мұқа, қаладан қырық-елу  шақырым жерде менің туған ауылым бар. Әке-шешемнің зиратына дұға оқып қайтсақ, қалай қарайсыз? Бола ма?»,– дедім.  Сөзге келген жоқ, бірден келісті. Әрине болады. «Слушай, мен сенің туған жеріңді көруім керек қой»,– деді. Ауылды аралап, аудандық аурухананың дәрігерлерімен әңгімелесіп, әке-шешемнің басына бардық. Дұға жасап, құран оқып болғасын: «Жақсылық, сен бақытты адамсың», –деді мұңлы кейіппен.  – Сен әкеңнің жатқан жерін білесің. Келіп, кетіп жүрсің. Ал мен әке-шешемнің қайда жерленгенін білсем де, қай жерде жатқанын білмеймін. Бізден үлкен көне көз қариялардың ауызша айтуы бойынша жоба-жобамен тұспалдаймын».

Ол кісі осы әңгімесін әке-шешемнің басында тізе бүгіп, жерде отырып айтты. Қандай қарапайымдылық! Батыр ғой, жеке батыр. Шәкәрім Құдайбердіұлының жазған жалғыз шумағын іштей жиі қайталаймын:

Адалға орын емес қазақ іші,

Тәтті ғұмыр сүре алмас таза кісі.

Өзін асырар қазақтың өнері жоқ,

Бірін-бірі талайды–бар жұмысы.

   – Әңгімеңіздің ауанын түсіндім. Талай талантты адамдарға таяқ жұмсаған кім? Маңайындағылар. Мысалы, Қаныш Сәтпаев, Шафик Шокин, Евней Букетов, Шахмардан Есенов секілді ғұламаларды шыңға шығармай шыңырауға жібергісі келгендер тарихта таңба боп қалды. Мұның бәрі құштарлықтан емес, іштарлықтан туатын пәле. Сол сияқты Мұхтар Әлиевтің атақ-даңқы мен абыройын көре алмағандар кесе-көлденең жатып, кесірлік жасағандар болды ма?

–Тоқсаныншы жылдардың басында қарамағында істейтін кардиохирургияның жігіттері  әлдекімдердің қош-қоштап айтақтауымен Мұхаңа қарсы шығып, митингі ұйымдастырды. Еш себебі жоқ. Жұмыстан кетсін дейді. Аштық жариялап алаңда жатты. Ол кезде Мұхаң– хирургия институтының директоры және Парламент мәжілісінің депутаты. «Ей, балалар, мыналарын не? Қойыңдар, әкелеріңмен жасты кісінің жағасынан алып, жағаласқандарың масқара емес пе?» деп бір ақсақал шықпады ғой. Сосын не істейін? Ашаршылық жасап жатқандарға қарсы ашаршылық жасап, институттың ішінде жатып алдым. Ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып жүрген бес-алты қызметкер қасымда. Саясатта шаруамыз жоқ. Ашаршылыққа қарсы–ашаршылық! Денсаулық сақтау министрі Девятко: «Қойыңдар!»– деп, қоқан-лоқы мінезін көрсетті. Тыңдамадық. Мұқтар Әлиевті қызметінен босату туралы бұйрығын берді. Бізді шақырды. Бармадық. «Өзіңіз келіңіз!»– дедік. «Ауруханада емделіп жатқан адамды жұмыстан қалай босатасыз? Жалпы бұл бұйрығыңыз заңсыз. Ешқандай кінәсі жоқ кісіге жаптым жала, жақтым күйе бұйрығыңыз негізсіз!» –деп қасарыстық.   Қайтпадық. Екі күннен соң Бас прокурор денсаулық сақтау министрінің бұйрығын заңсыз деп тауып, шешім шығарды. Содан кейін ғана олар: «Біз қойдық, сендер де қойыңдар»,– деді. Бұл әңгіменің бәрі Шәкәрім айтқандай «Қазақтың ішінде адал адамға орын жоқ. Бар жұмысы– бірін-бірі талау» деген пәлсафасы ойымызды қозғады ғой.Сонымен, бәрі орын-орнына келді. Мұхан бәрімізді жинап алып: «Бір-біріңмен енді жауласпаңдар!» –деді. Маған айтты: «Ты, давай героизм, не проявляй. Вот этих ребят не трогайте, пусть работают. Они ни в чем не виноваты. Сен жұмысқа жақында ғана келдің. Ал, бұлар давно работают» деді. Қалай таң қалмайсың?! Өзіне қарсы шыққан адамдардың өзін аялап, аяп, қорғап отыр. Жамандыққа жақсылық жасау да үлкен тәрбие!

Қазақтың тағы бір қасиеті қара өлеңінің сөзін ойыма сақтап, мойныма тұмардай тағып жүрем.

Қырандай бағындырсаң таудың басын,

Қанқу сөз қанатыңды талдырмасаң.

Әлсіздер тек артыңнан сөз айтады,

Өйткені, сен олардың алдындасың!

Қайран, Мұқа! Қанаты талмайтын тау басындағы қыран құстай еді…

 

Сұхбат алған Көпен Әмірбек.

«ARA-ақпарат»